Ұшақ апаты: Бектенов Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы ақпаратты тыңдады
Ақтауға ертең Бразилияның авиациялық билігі мен Embraer 190 компаниясының өкілдері келеді. Мұны Премьер-министр Олжас Бектеновке Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апаты болған жерде жүрген Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтаған. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тауып, 29 адам ауруханаға жатқызылған. Астанадан білікті дәрігерлер барған. Қазақстандық мамандардан бөлек РФ ТЖМ арнайы кеңесі мен Әзербайжанның санитарлық авиация бригадалары да келіпті. Ал Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қажетті жәрдем жасалып жатыр, - деді Үкімет басшысының орынбасары. Жиында Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі
- Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл қайғылы жағдай, бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігін білдіреді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Жергілікті атқарушы органдарға әуежайларға жақын жерде орналасқан стихиялық қоқыс орындарын жою бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Әзербайжанның Астанадағы елшілігіне барып, ұшақ апатына байланысты ашылған көңіл айту кітабына жазба қалдырды. «Орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, әзербайжан халқына сабыр мен төзімділік тілеймін. Апат салдарынан зардап шеккендер тезірек сауығып кетсін дейміз. Біз бауырлас Әзербайжанға тиісті көмек қолын созып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деді Олжас Бектенов.