Шетелден атамекеніне көшіп келген қандас пен қоныс аударушыға арналған өңірлік жаңа квота бекітілді.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ел ішінде қоныс аударатындарға бөлінген квота 7 мыңнан жоғары болса, қандастарды қабылдауға 2 мың 309 квота бөлінбек.
Тарихи отанына оралған мыңнан астам қандас Павлодар облысына қоныс аударады. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарына 200-ден аса адам жіберілсе, Солтүстік Қазақстан облысына 175 адам барады. Ал Атырау облысы 100 адамды, Батыс Қазақстан облысы 30 адамды қабылдай алады.
2024-ші жылы 18 мыңнан астам қазақ қандас мәртебесін алды. Олардың 45%-і Қытайдан, 39%-і Өзбекстаннан, 6%-і Моңғолиядан, сондай-ақ 5,8%-і Түркіменстаннан, ал көрші Ресейден 2,7%-і елімізге қоныс аударыпты. Қалған 1,3%-і басқа елдерден келген. Жалпы тәуелсіздік алғалы бері 1 млн 148 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралған.