Хабар телеарнасы

СҚО-да су басуы мүмкін деген 116 ауыл бақылауға алынды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемде су тасқыны болу қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар қызметі қазір су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді қатаң бақылауға алды. Бұл ауылдарға өзен, көлдер мен еріген қар суы қатер төндіріп тұр. Мамандардың айтуынша, жердің ылғалдылығы шамадан тыс жоғары. Ал Сергеев су қоймасы лық толы. Синоптиктердің болжамы қандай?

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға дайындық былтыр жазда басталды. Содан бері өңірде 100-ге жуық инженерлік шара атқарылды. Бірақ мамандар «осымен қауіптің беті қайтты» деп толық сеніммен айта алмайды. Қазір құтқарушылар су басуы ықтимал 116 ауылды бақылауға алып отыр.

Ернар Рүстем, облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы:

-79 шақырымнан артығымен бөгеттер мен үйінділер салынды және автокөлік жолдарына 107 су құбырлары мен тюбингтер орналастырылды. 10 шақырымнан артығымен арықтар мен каналдар тазартылды. Өзен бойында кіші өзен бойында 4 шақырымнан артық тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сергеев су қоймасы әлі күнге дейін бөгет үстімен Есілге құйып жатыр. Синоптиктердің айтуынша, бөгеннің босамай тұруына көктемгі тасқын, жаз бойы жауған жаңбыр мен жер асты суларының көтерілуі себеп болған. Ылғал шамадан тыс көп.

Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

-Өңірде өткен жылдың күзінде жасалған өлшем бойынша жердің ылғалдығы 100 бен 216 миллиметр аралығында болды. Бұл көпжылдық мәліметтермен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Яғни көктемде еріген қар суының жерге тез сіңіп кетуі екіталай.

Өңірде өзен-көлдердің деңгейі мен қардың ылғалдылығын өлшейтін 19 гирологиялық бекет құрылған. Көктемгі тасқынға қатысты нақты болғам ақпан айының басында жасалады. Әзірге жердің тоңы 60 сантиметрге дейін қатып қалған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов