Хабар телеарнасы

Елімізде электр қуаты тапшы

Әзірге энергия тапшылығы күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Қазақстан Ресейден электр қуатын сатып алу жөніндегі жаңа келісімді бекітті. Мәжілістің жалпы отырысында екі ел үкіметтері арасындағы біртұтас энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі келісім ратификацияланды.

Еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, Қазақстан Ресейден электр энергиясын тек екі жағдайда сатып алады. Олар тапшылықты жабу үшін және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары кезінде. Соңғы жылдары елімізде электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Осыған байланысты Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғая түсті. Яғни келісілген 150 МВт көлемінен едәуір асып кеткен. Кейде электр қуатының ауытқуы 1 мың 500 МВт-қа дейін жетеді, - дейді министр. Осыған орай келісімді қайта қарау қажеттілігі туындаған. Себебі лимиттен асып кетсек, елімізге тек қуаттың өз құнын ғана емес, тасымалдау ақысын да төлеуге тура келеді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Қазақстан электр қуатын қатты тапшылық кезінде басқа елдерден қымбат бағада сатып алуға мәжбүр. Мәселен, былтыр Өзбекстаннан алдық. Сондықтан тұрақты энергия көзі қажет. Сырттан сатып алмасқа амалымыз жоқ. Әйтпесе отандық тұтынушыларға шектеу енгізуге тура келеді.