Хабар телеарнасы

Өскеменде жаңа көпір салынады

Өскеменде тағы бір көпір салынады. Бұл Ертіс пен Үлбі өзендерінің үстінен өтетін жетінші өткел болмақ. Қазір қала үшін маңызды нысанның жобалық құжаты әзірленіп жатыр. Мамандардың айтуынша, көпір қаладағы көлік кептелісін азайтады. 

Бұл Өскемендегі Ертіс көпіріне өтетін жердегі айналма жол. Бұл аумақта көлік кептелісі мен жол апаты жиі болады. Өйткені өткел тар. Күніне 70 мың көлік қатынайды. «Сондықтан қалаға тағы бір көпір керек», - дейді сарапшылар. Оның үстіне облыс орталығында қазір 9 жаңа ықшам аудан салынып жатыр.

Ардақ Райымбекова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ оқытушысы:

-Соңғы жылдары қаладағы көлік саны артып барады. Егер әрбір бесінші отбасыда екі көліктен болса, жол қозғалысының өзгергені анық. Сондықтан жаңа көпір салу керек.

Жолаушылар тасымалы мен автожолдар басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қазір маңызды нысанның жобасы жасалып жатыр. Оған еліміздегі ең ұзын Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірді салған мамандар тартылды.

Нұржан Жұмаділов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Көлік кептелсіне байланысты 3-көпірді салу мәселесі туындады. Сондықтан жобалық сметалық құжаттаманы жасауға қаржы бөлініп, бүгінгі күнде конкурстық рәсімдер өткізілді. Жақын арада ғана сол компаниямен келісімшартқа отырдық. Жобалық сметалық құжаттама жасауға кірісетін болады.

Дайындық жұмыстары бір жылға жоспарланып отыр. Ал көпірдің құрылысы 2026 жылы басталады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин