Елімізде 3 миллионнан астам адам құмаройындардан шеттетілді
Елімізде 3 млн 300 мың адам құмаройындардан шеттетілді. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері бар.
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды. Белгілі болғандай, енді олар бәс тіге де алмайды. Себебі букмекерлік кеңселер мен мемлекеттік дерекқор базасын ықпалдастыру ісі жүреді. Ал үш өңірде пайда болатын казинолар тек шетелдіктер үшін жұмыс істемек.
Былтыр ойын бизнесі мен лоторея қызметінде ауқымды өзгеріс болғаны белгілі. Нәтижесінде құмаройыннан шеттетілген азаматтар саны еселеп артса, өз еркімен бас тартқандардың қатары 200 мыңға жуықтаған. Бұдан былай букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жақын орналастырылмайтын болды.
Бұдан былай қазақстандықтар Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарында ашылатын казиноларға да қатыса алмайды. Себебі ойын орталықтары тек шетелдіктер үшін жұмыс істейді.
Әділет Тұрғанбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Халықаралық тәжірибені зерттедік. Жалпы мына казинолардың ауқатты, бай туристердің келуіне зор ықпалын тигізіп отыр. Инвесторларды біз қазір Қытайдан іздестіріп жүрміз, Ресейден қарастырып жүрміз және Еуроодақ.
Содан кейін жергілікті инвестор мәселесі де пысықталып отыр. Әрбір үстел және әрбір ойын автоматтары үшін төленетін арнайы салымдар бар. Біз соның көлемін екі есе төмендетейік деген ұсыныс бар.
Ал спорт бағытында жетістік аз емес. Тек өткен жылда бұқаралық түрімен шұғылданатындар саны 8,5 миллион адамға жеткен. Дегенмен ел Президенті бұған дейін бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек екенін айтып, стратегиялық дамуы үшін басым бағыттарды белгілеп берген еді. Енді сол міндетті іске асыруға көңіл бөлінеді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Кешенді реформа жүргізу үшін нақты шаралар жүзеге асыру қажет. Мына басқару вертикалін орнатуда біз енді бүгінгі күні басқарма басшыларын тағайындағаннан кейін сіздер білесіздер, жоғарғы жетістік спортын министрлік деңгейіне алу, ал бұқаралық спортты, балалар-жасөспірімдер спортын ол өңірлерде қалады, спорттық клубтар қалады. Бірақ біз өңірлерге KPI қою мәселесін заңға енгіздік.
Туризм саласының қарқыны да жаман емес. 2024 жылдың 9 айында қонақүйлерде аялдаған ішкі туристер саны 6 млн адамды құраса, түрлі мақсатпен елге 15,3 миллион шетелдік қонақ келген.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейірбек Бесбаев