Оралдағы мектептердің жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла. Осы қарапайым қағидатты Батыс Қазақстандағы білім саласының басшылары ескерер емес. Олай дейтініміз өңірдегі білім ордаларын жөндеу жұмыстары уақытылы басталып, мерзімінде бітпей отыр. Соның салдарынан оқушылар басқа мектепте қыс бойы қысылып-қымтырылып 3 ауысымда оқуға мәжбүр.
Орал қаласында күні бүгін 4 бірдей білім ордасы жөндеуден өткізіліп жатыр. Соның бірі Хиуаз Доспанова атындағы көшеде орналасқан №17 мектеп. Салынғанына алпыс жыл болған білім ошағы бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға тақау. Бірақ бізді білім ордасына кіргізбеді. Кіруге бола ма?
Оқу орнындағы құрылысты көруге осылайша күзетшілер бөгет болды. Тіпті білім басқармасының басшылығы да көмектесе алмады. Сырттан қайттық. Білім ордасына біз сияқты сырттай қарап өтетіндер аз емес. Шәкірттер сүйікті мектептерін сағынғандарын айтады.
Ясмин Махмұдова, №17 мектеп оқушысы:
- Біз қазір №21 мектепте үшінші ауысымда оқимыз. Сабақтан қараңғыда, өте кеш шығамыз. Уақыты қолайсыз. Өз мектебімізге тезірек оралғымыз келеді. Жөндеу жұмыстары бітсе екен.
КПО компаниясынан қаржы кеш бөлінуіне байланысты қаладағы жөндеу жұмыстары маусымның басында емес, тамызға таяу басталды. Оның үстіне жобада көзделмеген қосымша жұмыс көлемі анықталған. Мамандар құрылыстың кестеден кешігу себебін осылай түсіндірді. Мәселен №9 мектептің сылағы түгел жарамсыз боп шыққан.
Мейрам Шайжанов, мердігер компания өкілі:
-Смета жағын ескергенбіз. Сол кезде мына цемент-әк штукатуркасы тек 30% ауысу керек болған. Біз бұзған кезде құлап жатты, үгіліп жатырды. Сол себепті біз келісе отырып 100% штукатурка жасайтын болдық. Ол деген қосымша уақыт.
Күні бүгін №17, 9,11 білім ошақтары мен Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақыт тезіне төтеп бере алмай әбден тозған ғимараттар ел игілігіне наурыз айында берілмек.
Мұхамбетқали Далбаев, саз мектебінің директоры:
- Мектеп салқын болды. Осы кезге дейін 4 қабаттан су ағып тұрды. Қазір соның бәрі дұрысталды. Түгел деуге болады. Төбесі ашып жабылды. Сонымен қатар электр жүйесі, өрт қауіпсіздік жүйесі, жылу жүйелері жаңғыртылды, музыка аспаптары алынып жатыр.
Осылайша Оралдағы күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларының мәселесі түбегейлі шешілмек. Ендігі проблема үш ауысымда білім беретін мектептер жайы.
Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:
-Қазір қалада алты мектеп 3 ауысымда оқиды. Соның ішінде №49 мектеп проблемасын шештік. Балауса ауданында мектеп ашылады деп отырмыз. Сонда №30 мектеп проблемасы шешіледі. Енді құс фабрикасы ауданына мектеп салынса №20, №38 мектептің үш ауысымды проблемасы шешеміз.
Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп салынып жатса, соның 3-і Орал қаласынан бой көтермек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов