2030 жылға дейін транзиттік тасымалдау көлемі 74 млн тоннаға жеткізілмек
2030 жылға дейін еліміздің транзиттік тасымалдау көлемі 74 млн тоннаға жеткізілмек. Бұл туралы брифингте Көлік министрлігі мәлімдеді. Бүгінде елімізде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі қалыптасып, тиімді жұмыс істеп тұр. Былтыр Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалы 34 млн тоннадан асқан, бұл 2023 жылдағыдан 6% көп. Елімізде барлық жүктің 80% теміржол арқылы, ал 20%-ы автокөлікпен тасымалданды. Биыл 2 350 жүк вагоны сатып алынып, қажеттілік толығымен жабылады. Сондай-ақ 2029 жылға дейін теміржолдардың 11 мың шақырымында күрделі жөндеу жүргізілмек.
Нұржан Келбуғанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:
-Достық-Мойынты, Алматы-Айналма жобасы, Дарбаза-Мақатарал және Қытай елімен қосатын Аягөз-Бақты теміржол өткелі салынуда. Жоспар бойынша Достық-Мойынты, Алматы-Айналма жобасы биыл бітіп, қолданысқа беріледі. Ұзындығы 366 шақырым болатын Қызылжар-Мойынты жаңа теміржол желісін салу басталады.