Хабар телеарнасы

Таразда әскерде жүрген сарбаздар жұмысшы мамандығын меңгереді

Таразда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар жұмысшы мамандығына оқып жатыр. Сондай-ақ әскерге шақырылғанға дейін алған білімін жалғастыруға болады. Әскери дайындық пен оқу тәжірибесін ұштастырған қаншалықты тиімді?

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жөндеу-қалпына келтіру бөлімшесін «жедел-техникалық жәрдем беру бекеті» деуге болады. Мұндағы мамандар көліктердің техникалық дайындығына жауапты. Механиктер қозғалтқыштан бөлек, істен шыққан бөлшектерді жөндейді, темір тұлпардың майын ауыстырып, сүзгісін тазартады.

Механик кәсібін игеріп жатқан сарбаздардың бірі Нұржан Темірболат. Оның негізгі мамандығы ағаш ұстасы. 

Нұржан Темірболат, сарбаз:

- Маған көп заттар үйретіп жатыр осы әскери бөлімде. Өзімнің де осы заттарды үйренуге ынтам көп. Мен өзім Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласынанмын. Қазір осы әскери бөлімде қызметімді өткеріп жатырмын.

Сарбаздар жаңа мамандықты игерумен қатар өз кәсібі бойынша білімін жетілдіре алады. Дәнекерлеуші Алексей Тюков колледжді бітіре сала әскерге аттаныпты. Алған білімін енді тәжірибе жүзінде шыңдап жатыр.

Алексей Тюков, сарбаз:

- Колледжде теория жағы жеткіліксіздеу болған сияқты. Мұнда іс жүзінде мен электродты металдың жанында сәл ұзағырақ ұстау керек екенін түсіндім. Сонда  жұмыс сапалы  болады. Егер металл қалың болса, онда біз үздіксіз дәнекерлей аламыз. Тігіс те әдемі түседі.

Серік Кәрімбаев, жөндеу-қалпына келтіру батальонының аға шебері:

- Практикалық жұмыстарға көп салып және одан шеберлікті ары қарай жоғарылата беру үшін және жас сарбаздарымызға жаңа технологияларға ұмтылуды ұсынамыз. Қолданылып жатқан көп темірлердің алюминий, темір, қара темір бронды танктердің темірлері басқашалау болғанына байланысты.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкінде әскери қызметті кәсіптік даярлықпен ұштастыру бағдарламасы бар. Сарбаздар 5 мамандық бойынша білім алады. 

Рауан Шәкіров, 01731 әскери бөлімінің командирі:

- Сарбаздар бір жыл бойы дәнекерлеуші, бояушы, ағаш ұстасы мамандығы бойынша тәжірибеден өтеді. Аптасына екі рет теориялық сабақтар болады. Үш күнді өндірістік тәжірибеге арнаймыз. 

Осылайша сарбаздар әскер қатарында жүріп жұмысшы кәсібін игеріп, бәсекеге қабілетті маман болып шығады. 

Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан, Эльдар Байділда