Хабар телеарнасы

Елордалық оқушылар Ұлттық ұланның өкілдерімен кездесті

Елдің тыныштығы мен территориялық тұтастығын қорғау жүректен. Әскерге барып, ел мен жердің қорғаны болудың басты шарты Отанға деген сүйіспеншілік. Ол туа сала бойға бітетін қасиет емес, баланың санасына құйылып, жүрегіне жеткізілетін әскери тәрбиелік шаралардың нәтижесінде келеді. 

Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық кеңесінің ұйтқы болуымен елордамыздағы 37 мектептің 9-11 сынып оқушылары Ұлттық ұланның өкілдерімен кездесіп, қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті күзетуге қатысты қызықты мәліметтер ала алды. 

Көктем келді, көп ұзамай әскерге шақыру науқаны басталады.  Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық кеңесі әскер жасына жақындап қалған жеткіншектер үшін ағартушылық шара ұсынды. Ұлттық ұланның сарбазы болу қандай екендігін мектеп оқушыларына қазірден білмек керек. 

Айқын Амантаев, Астана қаласы ҚР Ұлттық ұланы 55/73 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары, капитан:

- Бүгінгі кеште біздің Петропавловск қаласындағы әскери институтымыздың оқуы жөніндегі ақпараттарды жеткіздік. Әскери бөлімде қандай, не қызықты, әскери өмірде не қызық бар, соның бәрін жеткіздік. 

Капитаннан шеберлік сабағы. Сұрақтарға жауап және шағын практика. Сардар оқушылардың сапта тұру даярлығы физикалық мүмкіндіктерін  байқап көрді. 

Ұлттық ұлан ішкі істер органдарының құрамдас бөлшегі болғанымен, әдеттегі әскерден айырмашылығы жоқ. Сарбаздар мерзімді қызметке шақырылады. Казармалық әскери өмір. Қатардағы жауынгер Әнеуар Жакупов жас өрендерге әскери тұрмыстың қызықтарын айтып берді. Айта кетерлігі ол әскери комиссариатты өзі іздеп келіп, әскерге алуды өтініпті. 

Әнуар Жакупов, ҚР Ұлттық ұланы 55/73 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері :

- Балалық шақтан әскери өмірге қызығушылық болды. Атыс қаруы, жауынгерлік техникаларға қатты қызығатынмын. Ойыншықтар көп болды.  Балалық ермегім. Кейін арманыма, сосын өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір мен жедел мақсаттағы бірінші батальон сарбазымын. Қоғамдық тәртіптен бастап, Мемлекет басшысына дейін күзетеміз.

Оқушыларға қазіргі сарбаздардың әлеуметтік жағдайы, оқу мәселесі т.б сан сұрақтарға жауап берілді. Капитан Айқын Амантаев қазіргі әскери өмір бірінші кезекте тәртіп, жауапкершілік және білім шыңдалатын орта екенін атап өтті. Әскер қатарында жүріп-ақ қосымша көп дүние біліп шығуға болады.

Әнуар Жакупов, ҚР Ұлттық ұланы 55/73 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:

- Мен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің барлық баптарын білемін. Біз көшеде патрульге шығатындықтан, заңды білуіміз шарт.

Жиын соңында Ұлттық ұлан өкілдері мектеп әкімшілігіне алғыс жариялап, сый-жоралғыларын жасады. Гвардияның миссиясы қандай екенін Сырбай Мәуленов атындағы 37-ші мектептің оқушылары енді біледі.

Берік Дүйсенбай, Ерзат  Заитхан