Хабар телеарнасы

Талдықорғанда кенді ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салынады

Еліміздегі өндірістік алпауыттың бірі KAZ Minerals тобы өнеркәсіпті дамыту жөнінде әлемдік деңгейдегі кәсіпорынмен стратегиялық әріптестік орнатты. Кен өндіруде халықаралық нарықта беделге ие чилилік ME Elecmetal компаниясымен оффтейк-келісімшартқа қол қойды. Нәтижесінде, Талдықорғанда кенді ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салынатын болды. 85 миллион доллар инвестиция тартылатын жобаны іске асыру Қазақстанның тау-кен өндірісін өркендетуге және оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетін арттыруға да мүмкіндік береді.

KAZ Minerals Тобы мен ME Elecmetal арасында қол қойылған келісімшарт өте маңызды. Әсіресе, мыс өндіруші отандық компания үшін басымдығы зор. Жыл сайын 70 мың тонна көлеміндегі қажетті кен ұсақтау шарларын әлемдік нарықтан іздейтін. Бұл үшін компания бюджетінен 100 млн доллар бөлінеді. Енді керек тауарды елімізде шығару мүмкіндігі туды. Әрі бұл Қазақстанның тұтас тау-кен саласын дамытуға және оның әлемде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық әріптестік.

Ринат Мадыбаев, Кaz Minerals компаниясының сатып алуды сүйемелдеу басқармасының бастығы:

-Бізде ең үлкен диірмендер бар. Сол үлкен диірмендерге арналған ұнтақтау шарларын өндіру фабрикасы ашылады. Әрі қарай қазір ол проект бойынша кез келген рұқсат қағаздарын алу керек. Сол проект бойынша 2028 жылға дейін ол зауытты бітіру керек. Бұл ұнтақтау шарлары біздің фабрикаларда ең бірінші өнім. Өйткені ол кенді ұнтақтайтын материал.

ME Elecmetal – халықаралық деңгейдегі компания. Тау-кен саласы бойынша әлемдегі көшбасшымен арада байланыс бұрыннан бар. Себебі оның тауарлары өте сапалы. Бұны KAZ Minerals тобының өзге жеткізушілер ұсынған бұйымдармен салыстыра отыра жүргізген сынақ жұмысы көрсеткен. Әрі компания Азия, Европа және Америка нарығында көптеген кәсіпорынды өніммен қамтып отыр. Оффтейк-келісім шартқа сәйкес, енді Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіру ісі жолға қойылады. Жоспар бойынша 100 адам жұмысқа орналасып, жылына 150 мың тонна өнім өндіріледі. Кәсіпорын іске қосылғанда мемлекеттік бюджетке түсетін түсім көлемі артып, Жетісу облысының  дамуына да оң әсер етпек.

Еугенио Артега, ME Elecmetal компаниясының басқарма төрағасы:

- Қазақстан мен Чилидің ұқсастығы көп. Екі елде де 20 млн көлемінде халық тұрады. Әрі екеуі де тау-кен саласын дамытуға ден қойған. Ал жаңа жоба тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда үлкен маңызға ие. Ұсақтау шарларын шығаратын зауытта заманауи технологиялар енгізілетін болады. Бұл әлемде бәсекеге қабілетті екенімізді көрсетеді және KAZ Minerals аса маңызды әріптес саналады.

Бұл жәй ғана келісім емес. Елдің индустриялық саясатымен үндесетін болашағы зор жоба. Сондықтан жобаны сапалы іске асыруға баса мән берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин