Құқық қорғау органдарында антына адал арулар жұмыс істейді

  • 328
  • 07.03.2025, 18:37

Тәртіп сақшыларының арасында ер азаматтарға тән қызметті зор абыроймен атқарып жүрген қыз-келіншектер аз емес. Мәселен, Түркістан облыстық Полиция департаментінде жұмыс істейтін нәзік жандылардың арасында криминалист, тергеуші, арнайы жасақ қызметкерлері бар. Олар ерлермен иық тірестіріп, елдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті күзетеді. Мереке қарсаңында біздің тілшілеріміз шенді арулардың жұмысымен танысып қайтты.

Түркістан қаласының тұрғыны Әсия Жетібаева 3 жылдан бері Жедел басқару орталығында қызмет етеді. Оның міндеті 102-ге келіп түскен хабарламаларды қабылдап, камера арқылы қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету.

Әсия Жетібаева, Жедел басқару орталығының инспекторы:

- Жедел басқару орталығына Түркістан қаласы бойынша мыңнан астам камера қосылған. Біз күнделікті камера арқылы құқықбұзушылықтарды анықтап, сол маңда жүрген күш құралдарын, экипаждарды, учаскелік полиция қызметкерлеріне жібере отырып, түрлі қылмыстар мен заңбұзушылықтардың алдын аламыз.

Ал Отырар ауданының тумасы Перизат Жақыпбекова 2020 жылдан бері жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сапында қызмет етеді. Ол тек полиция қызметкері ғана емес, дзюдо, самбо, қазақ және белбеу күресінен Азия және әлем чемпионы. Қазақстанның он дүркін жеңімпазы. 

Перизат Жақыпбеков, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері:

- Біздің жұмыс өте ауыр. Біз ерлермен бірдей функциональдық міндет, спорттық шаралар бірдей деңгейде өткізіледі. Күнделікті сабақ кестесі болады, оның ішінде тек спортппен айналыспаймыз, өзіміздің функционалдық міндетке жататын сабақтар өткізіледі.

Бүгінгі күні облыстық Полиция депатаментінде 300-ге жуық қыз-келіншек жұмыс істейді. Олар темірдей тәртіпке бағынып, ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Ал отбасында ибалы келін, асыл жар, аяулы ана.

Меруерт Әбдіқадырқызы,  облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Екі жақты бірдей ұстау ол оңай емес. Үйде отбасының ұйытқысы, ана, келіншек, әйел, жар дейміз. Ал қызметте олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Тәртіпке бағынамыз.

Қазақ қыздары қайсар һәм қайратты. Өжеттігі мен табандылығының арқысында оттан да, судан да тайсалмайды. Себебі оларды бір мақсат біріктіреді, ол – ел тыныштығын күзету. Сондықтан антына адал арулардың қоғам алдындағы орны қашанда биік.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов