Хабар телеарнасы

Түркістанда демографиялық ахуал жақсарып келеді

Елдегі 833 мыңнан астам көпбалалы ананың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жыл өткен сайын өңірде туу көрсеткіші өсіп келеді. Мамандар: «Демографиялық ахуалдың жақсара түсуіне мемлекеттің қамқорлығы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы себеп»,дейді. 

 Түркістан қаласының тұрғыны Гаухар Киізбаева «Алтын алқа» иегері. Жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп отыр. Үлкен балалары мектепте оқиды. Ал өзі үйде қалып, төрт кішкентайының күтімімен айналысады. Оның айтуынша, қазір көпбалалыларға көрсетілер көмек пен жеңілдіктер де жеткілікті.

Гаухар Киізбаева, «Алтын алқа» иегері:

-Жақында осы кішкентай балаларымның арқасында баспаналы болып жатырмын. Осыларға көмек аламыз. Алтын алқамыздың ақшасы бар, балаларға берілетін жәрдемақы бар. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Оған да рақмет. Барынша, қолдарынан келгенше мемлекет көмектесіп жатыр. 

Ал Зәуреш Қожамбердиева алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана. Ол мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіп отырған қолдауға ризашылығын білдіреді. Қазір Түркістан қаласындағы облыстық басқармалар үйінде тазалықшы болып жұмыс істейді. 

Зәуреш Қожамбердиева, «Күміс алқа» иегері:

-Осы жерде 3-4 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Тазалық жағына қараймыз. Барлық жерді тазалап, жуу біздің міндетіміз. 

Түркістан облысында бүгінгіше 185 мыңнан аса көпбалалы ана тұрады. Оның 63 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар аналардың саны 118 мыңға жуықтайды. Ал Батыр және I-II дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған аналардың саны 5400-ге жеткен.

Айжан Беркімбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы :

-8 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Оның 4,5 мыңға жуығы көпбалалы отбасылардың үлесінде. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Күміс» және «Алтын» алқамен марапатталған аналарға, бұрын «Батыр ана» атағын алған және I-II дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған аналарға жергілкті бюджет есебінен 63 мыңнан астам анаға 510 млн теңге біржолғы көмек көрсетіледі. 

Қазір өңірдегі әрбір отбасында кемінде төрт-бес баладан өсіп келеді. Мамандар мұны еліміздегі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының жақсаруымен байланыстырады. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов