Хабар телеарнасы

Өңірлерде көктемгі тасқынның алдын алу жалғасып жатыр

Төтенше жағдайлар министрлігі әскери қызметшілерді Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберді. Батыс Қазақстан облысының орталығына жақын маңдағы Шаған кентінде еріген қар суын айдау кешелі бері жүргізіліп жатыр. Қыс басталғалы өңірде 935 мың текше метрден астам қар шығарылып, 160 мың текше метр су сорылған. Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде кеше еріген қар суының ауылішілік жолды басып қалу фактісі тіркелді. Ал Зашаған кентінде жоғарыдан аққан су Орал-Саратов тас жолының бойындағы арыққа сыймай, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары арнайы сусорғыларын іске қосқан. Қазір ағыстың арыны басылды.

Жарас Көпжасаров, облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:

- Өткен тәулікте Шежін өзені көтеріліп, осыған байланысты ТЖД департаменті және ТЖМ №2 құтқару батальонының жеке құрамы суды қауіпсіз өткізу үшін Тасқала ауданына көшірілді. Кешегі күннен бері Тасқала ауданындағы Деркөл, Шежін өзендерінің деңгейі түсті. Енді қайта көтеріледі деген болжам жоқ.