Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 9 ардагер тұрады. Олардың ең үлкені 103-те болса, кішісі - жүзге таяған Бадан Төребаев. Ол 18 жасында соғысқа аттанып, Украин, Белорусь майдандарына қатысқан. Жеңісті Берлинде қарсы алыпты.
Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылып, 4 ай дайындықтан өтіпті. Одан кейін Беларусь майданына жорық жолы басталып, Одердегі ұрысқа, Подстамды азат етуге, Берлинді қоршауға қатысады. Оқ пен оттың арасынан аман оралған ардагер жеңістің оңай жолмен келмегенін айтады.
Бадан Төребаев, соғыс ардагері:
-Соғыс - шығынсыз болмайды. Қаншама боздақтар қыршын кетті. Мен Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алдым. Сол күнгі қуанышты әлі күнге ұмытқан емеспін. «Белинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталдым. Соғыс болмаса екен, жастар оны көрмесе екен деп тілеймін.
Бадан Төребаев соғыстан кейін Норвегияның шекарасында болып, елге 1950 жылы оралған. Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйді.
Айжан Төребаева, Б.Төребаевтың келіні:
-Құттықтап келіп жатады, бәріне рақмет. Әскери комиссарияттан, емханадан келіп тұрады. «Атаның жағдайы жақсы ма?» деп ардагерлер үйінен де келіп тұрады. Ауылда, таза ауада өскен ғой, атамыз мықты әлі, жақсы.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 9 соғыс ардагері тұрады.
Махаббат Мамытжанова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
-Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай ардагерлерге 5 млн теңге біржолғы әлеуметік көмек көрсету көзделуде. Сонымен қатар 3047 тыл еңбеккерлеріне және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 50-ден 100 мың теңгеге дейін бірреттік әлеуметтік беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 222 млн теңгеден аса қаржы қаралды.
Сонымен қатар тыл еңбеккерлеріне кезектен тыс тегін медициналық көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмек беріледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов