Хабар

8 өңірде креативті орталық ашылады

8 өңірде креативті орталық ашылады

Облыстар мен еліміздің ірі қалаларында креативті орталықтар ашылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында хабарлады. Қазір ол еліміздің тек 12 өңірінде жұмыс істеуде. Алайда Ақмола, Алматы, Жетісу сынды қалған 8 облыста бұл іс толық үйлестірілмеген. Министр сондай-ақ Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылатындығын айтты. Қазір бізде аталмыш сала 12 бағыт бойынша дамуда. Оның ішінде IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ қолөнер жоғары сұранысқа ие. Жалпы креативті индустрияда еліміз бойынша 143 мың адам жұмыс істейді екен. Оның 50% астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Олардың 70% жеке кәсіпкер.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

-  Креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін қор 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Идеядан бастап дайын өнімнен қызметке дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Таланттарды анықтау, жобаларды дамыту, инфрақұрылымды дамыту, экспортқа қолдау көрсету шетелдік аудиторияға шығу. 

Қазақстанда креативті индустрияның дамыту арқылы табатын табыс соңғы 6 жылда 3 есе өсіпті. Алайда оның жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі салыстырмалы түрде әлі де төмен. Шамамен 1% көлемінде. Десе де кейбір салалардың өсу қарқыны жоғары болып отыр. Әсіресе кино өндірісінің аяқ алысы жақсы. Былтыр кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің бесеуі Қазақстандық туынды болған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58% өсті. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтанда Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды.