Хабар

Қостанайдағы автомобиль көлігі колледжі басқалардан несімен ерекше?

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қостанайдағы автомобиль көлігі колледжінің тәжірибесін елдің солтүстік өңірлерінде кеңінен қолдану керектігін айтты. Аталған оқу орны басқалардан несімен ерек? Кәсіптік білім беру ісінде қандай жаңашылдық қолданады?  

Колледжде төрт жыл бұрын алғашқы қазақ тобы ашылған болатын. Бүгінде олардың саны жетеуге жетті. Барлығы 160-қа жуық студент мемлекеттік тілде техник-механик мамандығын меңгеріп жатыр.

Елдияр Әзбергенов, колледж мұғалімі:

-Олардың үштен бір бөлігі Батыс Қазақстаннан келген, ал қалған студенттеріміз еліміздің басқа облыстарынан келген. Сол студенттер үшін біздің колледжде әдістемелік құралдар шығарылды.

Қазақ тіліндегі техникалық терминдердің бір ізділігін қалыптастыру үшін колледж мамандары, міне мынандай, «машина жасау терминдерінің сөздігі» деген оқулық құрастырып шығарған. Онда мыңнан аса автомобиль бөлшектерінің суреттері, қазақша атаулары мен түсініктемесі беріледі.

Былтыр тек Жаңаөзен қаласынан 27 жігіт осы колледжге оқуға түсті. Олардың барлығы техник-механик мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта Қостанайдағы автозауыттарда жұмыс істеуге ниетті.

Жанболат Темірхан, студент:

-Оқу қазіргі таңда оңай. Қазақ тілінде барлық бағдарламалар. Жай-жайдан үйреніп келе жатырмыз. Қазір бізде практикадамыз. Тәжірибеде жеңіл автокөліктерін жөндеу туралы өтіп жатырмыз.

Мемлекет басшысы: «Кәсіби техникалық колледждер еңбек нарығындағы жағдайды, жаңа мамандықтарға сұранысты үнемі ескеріп отыруы тиіс»,- деді. Бұл тұрғыда Қостанай автомобиль көлігі колледжін үлгі етіп, атап өтуі тегін емес.

Дмитрий Павленко, колледж директоры:

-Соңғы төрт жылда колледжде машина жасау саласы бойынша 7 мамандық ашылды. Өңірде жаңа өндіріс орнының жобасы қарастырылып жатқанда біз оған мамандар дайындауға кірісеміз. Мысалы, шойын құю зауыты салына бастағанда, елімізде бірінші болып қалыпқа құюшы, шойын құюшы деген мамандықтар бойынша оқытуды қолға алдық.

Өңірде бірнеше ірі өндіріс орнының ашылуымен жұмысшы мамандарға сұраныс артқан. Сондықтан колледж басшылығы алдағы оқу жылында оңтүстік өңірлерден жастарды көбірек тартуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров