Хабар

Ынтымақтың қоғам дамуында алар орны қандай? 

Наурыз жаңа күн, жақсылыққа бастайтын мереке. Бүгін Ынтымақ күні. Яғни татулық пен бірлік насихатталатын күн. Бұл күннің маңызы неде, ынтымақтың қоғам дамуында алар орны қандай? 

Айгерім Шағатай,  тілші:

-Бүгінгі Ынтымақ күні баршаны ерекше сезімге бөлеуде. Иә, қазақ жері мейірімді ана сынды. Ежелден сан түрлі ұлт пен ұлысты бауырына басқан. Ұлы далаға тағдырдың сан қилы соқпағымен келіп осы жерде өсіп-өнген, өрбіген басқа диаспора өкілдері бүгінде іргелі ұлыс болып, Қазақстанның белсенді азаматтарына айналды.

Шерзод Пулатов, Өзбек мәдени орталығының төрағасы:

-Еліміздегі барша ұлттардың бастарын қосып, бір халыққа айналдырды. Ары қарай осы бірлігіміз сақталу үшін біз ұлттық құндылықтардың негізінде ұйысуымыз керек. Наурыз мейрамымыздың аясында біз көріп отырмыз. Қаншама ұлт, ұлыстар бірлесіп, бірге тойлап келе жатыр. Бұл қазіргі күнде ортақ мейрамымыз. 

Алла Платонова, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» бас маманы:

-Қазақ елінде тұратын өзге ұлт өкілдері үшін де өте маңызды мейрамдардың бірі. Ең бастысы, бірлігіміз жарасып, ары қарай да тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етейік.

Наурызнама – үшмыңжылдықты біріктірген мәдени құбылыс. Ұлы Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ғұлама-ғалымдарымыз бұл күнді өзара қарым-қатыныс институты ретінде қарастырған. 

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР МАМ Мәдениет комитетінің басқарма басшысы:

-Бұл күннің ең басты идеясы, мақсаты – жаңағы еліміздің аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың, этностардың барлығының ынтымағын олардың ауызбіршілігін паш ету. Олардың барлығының мәдениеті, әдебиеті, тілі ортақ екендігіне қатысты барлық іс-шаралар осыған бағытталады. 

Ырыс, қайда барасың дегенде ынтымаққа барамын демей ме?! Ауызбіршілігі жарасқан еліміз бүгінде берекелі ғұмыр кешуде.  
  
Айгерім Шағатай,  тілші:

-Қазақ елінің айбыны асып, атағы әлемге әйгіленуі де татулық пен бірліктің арқасы. Ендеше, ынтымақты елге бақ тұратынын дәйім жадымызда ұстағанымыз абзал. 

Авторлары: Айгерім Шағатай, Дархан Күнтуов, Руслан Таурше