Хабар

Түркістан халқы қасиетті Қадір түнін қалай қарсы алады? LIVE

Айлардың сұлтаны Рамазан болса, түндердің ең қасиеттісі - Қадір түні. Бүгін барша мұсылман Аллаға мінәжат етіп, Қадір түнін қарсы алады. Өңір халқы қасиетті Қадір түнін қалай қарсы алады? 

Жандос Жұмабек, тілші:

-Ассалаумағалейкум Қазақ елі. Бүгін мұсылман қауымы үшін мың айдан да қайырлы - Қадір түні. Біз қазір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық мешіттің алдында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай Қадір түнін қарсы алу үшін ниет етіп, мешітке келіп жатқан адам көп.

Мұнда жиналған жамағатқа мешіт имамдары Қадір түнінің қасиеті мен хикметіне қатысты салиқалы әңгіме айтып, уағыз-насихат жүргізіп жатыр. Иісі мұсылман қауымы бұл түнді Құдайға құлшылық жасап, дұға етумен өткізеді. Өйткені имамдар Қадір түнінің берекеті мен құлшылық сауабы 83 жыл жасаған мінәжаттың сауабына тең келетінін айтады. Бұл түнгі ғибадат, құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық. Бұл түні періштелер көктен түсіп, жер бетінде береке орнайды. Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түсе бастаған. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. 

«Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі»,дейді дін ғұламалары. Олай болса, Қадір түніндегі құлшылықтарыңыз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын, құрметті ағайын!