Хабар

Шымкентте көзі тірі екі соғыс ардагері қалды

Қазір Шымкентте көзі тірі екі соғыс ардагері қалды. Жеңіс күні қарсаңында оларға 5 миллион теңгеден әлеуметтік көмек белгіленді. 

Мұраталы Төлепбергенұлы қанды соғыстан кейінгі әр таңды бақытқа балайды. Бейбіт күнді бағалайық, - деп немерелері мен шөберелеріне жиі айтады.

Дулат Мұраталы, немересі:

- Мен атамнан үлгі аламын. Атаның көптеген жақсы қасиеттері бар. Ата өте батыл, ержүрек, мейірімді, қамқор адам. Егер мен ауырып қалсам, атам жақсы қарайды. Күнде далаға шығып, серуендеп қайтамыз. Күнде қасында боламыз, кітап оқып береміз. 

Ғасыр жасаған ардагер қарттыққа бой алдырар емес. Есте сақтау қабілеті мен сөз саптауы жақсы. Майданға 18 жасында аттанған. Брест қамылын басып, Варшава, Данск қалаларындағы шайқасқа қатысқан. Қазір зұлмат заманды еске түсіргеннен көрі, адамгершілік пен адалдыққа үндеуді жөн санайды.  

Мұраталы Төлепбергенұлы, соғыс ардагері:

- Ауадан жаңбыр жауса, жер көгереді. Ал басшы адам адал болса, ел көгереді деген қазақта бұрыннан мақал бар. «Әділ жігіт ел бастар, батыр жігіт қол бастар, шешен жігіт сөз бастар»,- дейді. Әкімдеріміз, басшы қызметкерлеріміз,Үкімет басында отырған министрлеріміз әділдік жолында болсын. Халқын ұйымдастыра білсін. Жер байлығын пайдалана білу керек. 

Соғыс ардагерлері медициналық тексерулер мен емдік-сауықтыру курстарынан ұдайы өтеді. Мұраталы Төлепбергенұлы ұзақ өмір сүрудің сырын ұрпағының ақ адал тілегімен де байланыстырады. Бүгінде 6 қыз, 2 ұлдан 19 немере мен 27 шөбере сүйіп отыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы