Петропавлдағы теміржол үсті көпірі тағы да сыр берді. Қала мен Жұмысшы кентін жалғайтын өткелдің асфальт жабындысы жарылып, ой-шұңқыры көбейген. Мәселе қашан шешіледі?
Бұл көпір көктем сайын кептелістен көз ашпайды. Жүргізушілер осылай жай жүруге мәжбүр. Жолдың жағдайы сын көтірмейді. Бұл айта-айта жауыр болған мәселе.
Виталий Оганджанян, көлік жүргізушісі:
- Бұл жолдан көліктің жүрістік бөлігі бұзылады. Одан зардап шегетін – жүргізушілер. Сондықтан қалаға басқа жақпен кіруге тырысамын. Қашан өтсең де шұрық-тесік.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл көпір 2014-ші жылы күрделі жөндеуден өткен. Ол кезде оған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден аса қаражат бөлінді. Бірақ жағдай өзгермеді. Өткел жыл сайын осындай күйге түседі.
Қала мен Жұмысшы кентін жалғастыратын көпір 1960-шы жылдары салынған. Жергілікті билік өкілдері оны тағы да жөндеу керек деп отыр. Өткелдің пайдалану мерзімі негізі өтіп кеткен.
Әсем Айтұлова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Универсальная көшесінде жаңа көпір салынып жатыр. Сол көпір биылғы жылы қолданысқа беріледі. Сол көпір берілгеннен кейін жаңағы Караванная көшесіндегі көпірді жөндеуге жабу мүмкіндігі болады. Әзірше ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болады.
Бұл көпір жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жүйкесін жұқартты. Оларға арналған жолақ тым тар. Сондықтан адамдар сығылысып жүруге мәжбүр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков