Алматыдағы дауыл салдарынан қаланың бас ботаникалық бағы жабылды. Әзірге жұмысын екі күнге тоқтата тұрады. Мұндай шешім саяхатшылардың қауіпсіздігі үшін қабылданған. Себебі кеше қатты соққан желден 10-ға жуық ағаш құлаған. Олардың дені 60-70 жылдан бері өсіп келе жатқан қарағай, шыршалар. Дендрологтардың айтуынша, шыршаның тамыры тереңге жайылмайды. Сондықтан дауыл түп орнымен қопарып кеткен. Ал қарағайдың тамыры тереңге бойлап өседі. Бірақ бұл жер тасты болған соң бойлай алмаған. Кешегі желге дейін барлығы да жақсы өсіп тұрған. Қазіргі уақытта бақта комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар дауылдан соң ондағы жасыл желекке түгелдей сараптама жүргізеді.
Владимир Эпиктетов, ботаникалық бақтың дендрология бөлімінің аға ғылыми қызметкері:
-Бізде комиссия тұрақты түрде жұмыс істейді. Осындай жағдайда шығып, қайсы ағашты кесу керек, қайсысын апатты деп тану керек, солар қорытынды шығарып хаттама толтырады. 1-2 күннің ішінде бақты қалпына келтіреміз. Қазір құлаған ағаштарды кесіп, шығарып жатырмыз.
Еске сала кетейік, кеше кешке Алматыда екпіні секундына 20 метрге дейін жететін жел соғып, нөсер жауып, найзағай ойнады. Желдің күшті болғаны соншалық көпқабатты 3 үйдің шатырын жұлып кеткен. Отызға жуық ағаш құлады. Бірнеше көлікті ағаш басып қалған. Сондай-ақ дауыл электр желілерін үзіп, билбордтар мен жол белгілерін құлатып кетті.