Тереңсай асуын айналып өтетін жол құрылысы қайта қарқын алды

  • 134
  • 17.04.2025, 18:36

Ел шығысында Тереңсай асуын айналып өтетін жол құрылысы қайта қарқын алды. Жұмысшылар биіктігі 42, ал ұзындығы 175 метр болатын көпір салуға кірісті. Бұл елімізде тау ішінен бой көтеретін ең ұзын өткел болмақ. Қағазбастылық салдарынан талай жыл тоқтап тұрған жол құрылыс қашан аяқталады? 

Өскемен- Алтай-Үлкен Нарын-Қатонқарағай-Рахман Бұлақтары бағыты ең  қауіпті жолдардың бірі. Себебі шатқалды бойлай төселген бұралмалы жол осы тұспен өтеді. Сапасы сын көтермейді, тоз-тозы шығып тұр. Экспедитор Сұлубай Жақсыбайұлы аптасына кем дегенде бір рет ең шалғай ауылдарды аралап, тауар жеткізеді. Сондықтан жолдың жайын жақсы біледі.

Сұлубай Жақсыбайұлы, көлік жүргізушісі:

- Қыстыгүндері болады 200 көлігі қарама қарсы келіп қалған кезде сыймай қалады, сондай кездер болып қалады. Жағдайы өте нашар десек те болады. Осы қар еріп кеткеннен бері жаңадан шұңқырлар шығып, қайта жаман боп жатыр ғой.

Әу баста тәп-тәуір басталған айналма жол құрылысы орман шаруашылығы аумағына жеткенде тоқтап қалған еді. Ақыры неше жыл дегенде мәселе шешіліп, 2023 жылы күзде қайта жанданды. Жоба аясында 28 шақырым жол салынады.

Қуанышбек Ыбраев, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының бас маманы:

- Қар жамылғысы  кеткен күннен және күн,ауа райы жылынғаннан кейін толық кірісуге мүмкіндік туды.Қазір мердігерлер жер төсемін,су өткізу құбырларын салу жұмыстарын жүргізуде.

Құрылысшылар жолдың ең қиын әрі ең жауапты тұсына да келіп жетті. Өйткені бұл жермен тау өзені өтеді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Пихтовка өзенінің үстімен өтетін көпірді салу үшін алғашқы дайныдық жұмыстары басталды. Қазаншұңқыр қазылып, керекті материалдар жеткізіліп жатыр. Ұзындығы 175, ал биіктігі 42 метр болатын бұл өткел еліміздегі ең күрделі инфрақұрылымдардың бірі болмақ.

Тау арасын жалғайтын көпірді салу оңай емес,- дейді мердігерлер. 

Бейсеналы Орынбеков, мердігер компания өкілі:

- Мына жерде жұмыс істеу әрине, өте қиын. Үлкен қауіпке толы. Техника мінеки, жартас шетінде ғана жұмыс істеп жатыр. Осы жерге бетон араластыратын құрал да түсіріледі. Дегенмен күн райы қолайлы болса, гидроқұрылғыны бес айда аяқтаймыз.

Күні кеше шатқалдан сарқырай аққан қар суы төмендегі тасжолдың шетін опырып, шайып кеткен еді. Жер бедерінің қиындығынан жол төсемі 16 сағат дегенде әрең қалыпқа келтірді. Ал жаңа жол биыл салынып бітсе, мұндай жағдай қайталанбасы анық, - дейді мамандар.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов