Биыл Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың туғанына 123 жыл. Осыған орай Шымкенттегі әскери колледжде «Темір генералдың» ерлігі дәріптеліп, ескерткішіне гүл қойылды. Ал туған жері Көкібел ауылында спорттық турнир ұйымдастырылып жатыр.
Қазығұрт ауданы тұрғындарының Сабыр Рахымовқа деген құрметі ерекше. Осындағы Көкібел ауылы - батырдың жерлестері мен жақын туыстарының мекені. Жылда Жеңіс күні қарсаңында спорттық турнирлер ұйымдастырылып, рухына арнап құран бағышталады.
Еркеғали Шерханов, С. Рахымовтың туысы:
- Атамыздың атын ұлықтауға соңғы жылдары өте көп көңіл бөлініп келе жатыр. Мейлінше танытуды осы заманға сай ақпарат көздерімен таратылса деп ойлаймын. Мысалға мультфильм түсіріп, сол арқылы Сабыр атамыздың бойындағы қасиеттердің бәрін көрсете алсақ. Мың бала көрсе, соның ішінде кем дегенде 4-5 балада сезім оянады.
Шымкенттегі әскери колледж 22 жылдан бері Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Мамандандырылған білім ордасында батырдың өмірбаяны мен ұрыс даласындағы ерлігі кеңінен насихатталады. Басты мақсат - жас ұландардың бойына «темір генералдың» қайтпас қайсарлығы мен отанға деген сүйіспеншілігін сіңіру.
Ерасыл Тағаев, С. Рахымов атындағы әскери колледж ұланы:
- Бала кезден теледидардан әскери қызметшілерді көрген кезде үлкен мақтаныш сезімі ұялап, көз алдыма елестейтін. Олардың қандай әдемі әскери форманы киетіні, жүріс-тұрысы, жалпы мен үшін үлгілі адамдар болатын. Болашақта Сабыр Рахымов атамдай «Темір генерал» болу бірден-бір арманым.
Әскери колледжден жылына жүзден астам сержант түлеп шығады. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан келген талапкер көп.
Мақсат Ақшалов, С. Рахымов атындағы әскери колледждің бастығы:
- Былтырдан бастап әскери колледж болғалы біз маман дайындаймыз. Бір ғана мамандық. Кіші командирлерді әскери салаға даярлау. Соның ішінде мотоатқыштар бөлімше командирлерін дайындау, танк экипажы командирлерін дайындау және радиациялық, химиялық қорғау бойынша мамандарды дайындау.
Биыл Сабыр Рахымов атындағы музей қорын толықтыру жоспарланған. Онда туған жері Көкібел ауылынан Кеңес одағының батырына тиесілі құнды жәдігерлер жеткізілмек.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы