Қостанай облысының Соналы ауылында ішкі ауызсу желісін тарту мәселесі әлі шешілмей тұр. Аудан орталығына дейінгі жолдың да тозығы жеткен. Интернет әлсіз, байланыс нашар.
Ауыл ішіндегі екі су коллонкасынан қысы-жазы тасып ішудің қиындығы көп. Ішкі су желісін тартып, үйді-үйге жеткізу жұмысы созбаққа салынып кетті, -дейді тұрғындар. Оның жобалық-сметалық құжатын дайындауға ауыл адамдары ақша жинапты.
Уәлихан Сүндеталин, Соналы ауылының тұрғыны:
- Үй басына су өткізу — ол бағдарлама болатын. Биыл, 2025 жылы келеді деді, бірақ әлі жоқ. Енді бізге ертең, арғы күні «болмайды» деп айтады. Біз өзіміз білмейміз, оларға сенуге бола ма? Ауылдан ақша да жинады, бәрінен 10 мыңнан жинатқызды.
Жобалық-сметалық құжаттың құны 4 миллион 400 мың тенгеге шығыпты. Арада жасалған үшжақты меморандум да бар.
Александр Саенко, Сарыкөл аудандық ТҮКШ, Сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Биыл шілде айының басында сметалық жобасы дайын болып, ол сарапшылардың оң бағасын алады деп ойлаймын. Сосын бюджетке тапсырыс береміз. 2,1 шақырым таратушы су желісін тарту керек және әрқайсысы 150 текше метр екі резервуар мен су сорғыш станциясын орнату жоспарланып отыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл ауылда ауызсу мәселесі ғана өзекті емес. Аудан орталығына дейінгі 40 шақырым жолдың да әбден тозығы жеткен. Сондай-ақ мұнда интернет әлсіз. Ұялы байланыс жұмыс істемейді.
Ақшолпан Зулпухарова, Соналы ауылының тұрғыны:
- Интернет емес, біз жай сөйлесе алмаймыз. Мен өзім Шымкенттен келгенмін. Ата-анаммен сөйлесу үшін мен анда-мында жүгіріп жүрем әр терезенің алдына. Байланыс нашар, өте нашар және жол мәселесі де бар. Көлігіміз бар, мысалы ай сайын 40-50 мың теңге жөндеуге және запчастьтарға кетеді. Себебі жолдар нашар.
Жалпы Сарыкөл ауданында интернет байланысы нашар 4 ауыл қалып отыр. Биыл олардың барлығы сапалы ғаламтор желісімен толық қамтылад, - дейді әкімдіктегілер.
Сағынбай Сүндеталин, Тәгіл ауылдық округінің әкімі:
- Былтыр бағдарламамен орталықта Тәгілде антена матчевая құрылысын салдық. Теле-2 операторы үшін. Биыл жуырда мамандар келіп, спутниктік анықтамамен орнын белгіледі. Қай жерге қоятынымызды түгел белгіледі. Биыл бұл жұмыс атқарылады. Антенаның биіктігі – 26 метр.
Айтыла-айтыла жауыр болған жол мәселесі де биыл шешіліп қалар деп отыр. Оның да жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр екен.
Марат Шымырбеков, Сарыкөл ауданының әкімі:
- Енді мынау ЖСҚ дайын болатын болса, ол сараптамадан көп болғанда бір ай көлемінде шығады. Ал енді мынау ол жерде, жолды өздеріңіз де барып көрдіңіздер, жолда көп жерінде жаңағы асфальттың беті бұзылған. Сол себепті сол жерге қаншама зат кететіндігін олар есептеп, сол кішкене уақытты алып жатыр.
Дәл биыл Соналыда үйді-үйге су тартылады деп ешкім нақты айта алмайды. Бәрі сараптамалық комиссия қорытындысы мен бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров