Алматылық колледж студенттеріне жазғы өндірістік тәжірибе кезінде тамаққа берілетін ақша азық-түлікпен алмастырылды. Заң бойынша студенттерге практика кезінде тамаққа ақшалай не заттай өтемақы төленуі керек. Ата-аналардың айтуынша, егер қаржы банк картасына түссе, студенттер оны мақсатсыз жұмсайды. Тамақтың орнына зиянды сусын ішіп, компьютер клубтарына барады. Сондықтан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері жұмысшы мамандарды дайындайтын колледждерге мониторинг жасап, ата-аналардың ұсынысын құптады. Бір студентке берілетін азық-түлік себетінде 25 келі қант, 20 келі ұн, 25 келі күріш, бірнеше қап макарон, сүт, бұқтырылған ет, май және кофе бар. Көлемі тәжірибе мерзіміне байланысты өзгереді. Бағдарлама жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге арналған және жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Махамбет Хасенов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
-Студенттерге азық-түлік себеті берілсе, олар оны үйге алып келеді. Ал ақшаны мақсатсыз жаратуы әбден мүмкін. Одан да аталған азық-түлік себеті бір отбасыға біраз уақыт азық болады. Студент отбасына пайдалы әрекет жасайды.