Қызылорда облысына алдағы күндері Сырдария өзені арқылы қосымша су жіберіледі. Ал егінін сақтап қалу үшін су айдау құрылғыларын пайдаланып отырған шаруалардың жанармайға кеткен шығындарын мемлекет өтейді. Бұл туралы аймаққа сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Вице-премьер алқап басына барып, егіннің жағдайын көзбен көрді. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аймаққа сапарын Сырдария ауданынан бастады. Мұндағы шаруашылықтар егінді аман сақтап қалу үшін су айдау құрылғыларын іске қосқан. Қазір облыста 324 су айдау құрылғысы жұмыс істеп тұр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осы құрылғыларға қажет жанармайды сатып алуға кеткен қосымша шығындар мемлекет тарапынан өтеледі. Сондай-ақ ол Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетін су көлемі артатынын айтты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Бүгіннен бастап Өзбекстан тарапынан 200-ден астам куб судың көлемі келді. Ертеңгісінен бастап Қырғыз тарапынан 150 куб жіберіледі. Бірақ ол Қазақстанға жету үшін 5 күн керек. 10 тамызға дейін осындай көлем келеді.
Абзал Ералиев, шаруа қожалығының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері:
-Біз үшін, диқандар үшін өте қуанышты хабар. Аймақ басшылығы, су шаруашылығы басшылығы тарапынан көп көмек көрсетілді. Жаңа айтылған Үкімет тарапынан қосымша кеткен шығындарды толықтырамыз деп отыр.
Қызылорда облысының Қазалы ауданында 260 гектар жүгері алқабы жаңбырлатып суару технологиясымен өсірілуде. Бұл жүйені шаруашылық екі жыл бұрын енгізген. «Тіршілік нәрін дәстүрлі әдіспен салыстырғанда үш есеге дейін үнемдедік»,– дейді мамандар. Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев ауданға сапары барысында аталған агротехнологияның тиімділігін бағамдады.
Дастан Садықов, агроном:
-Бұл жерде суарып тұрғанда система жасанды интеллекті бар. Өзі айтып тұрады, алда күн ыстық келе жатыр. 40-50 градуста, қазір 55 мм су құю керек деп. Біздер соны автоматты түрде қосып, 50 мм қазір құйып келе жатыр. Алда бір жұмадан кейін күн қатты ыстық болады.
Қазалы ауданында биыл 18 мың 245 гектар жерге егін егу жоспарланған. Алайда суармалы су көлемінің аз болуына байланысты күріш көлемі 800 гектарға қысқарды. Аудан бойынша егін суаруға 295 миллион текше метр су қажет. Бірақ бүгінгі күні бұл меже 259 миллион текше метрден аспай тұрғанын айтады мамандар.
Еркін Сейітов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Яғни айтқанда суды талап ететін атыздарды тастап, қазіргі уақыттта 800 гектарға қысқарттық күріш көлемін. Соның есебімен қазіргі уақытта осы егіс көлемін алып келе жатырмыз. Жалпы аудан бойынша 42 насос бар. Оның ішінде округтердің құрамындағы және Казводхоздың құрамындағы үш насосымыз бар, шаруашылықтардың 9 насосы бар, төтенші жағдайлар министрлігінен 4 насос келіп отыр.
Қанат Бозымбаев Басықара су торабының да жағдайымен танысты. Аудандағы басты су арналары толық тазаланған. Үкімет басшысының орынбасары су шығынын барынша азайту үшін нақты жоспар әзірленуі қажет екенін айтты.
-Біз суды Өзбекстаннан сатып аламыз, Қырғызстаннан сатып аламыз. Оларда электр энергия қымбат болып жатыр. Су үшін сатып аламыз. Суды жібер ағайын деп. Мына жаққа келе салып 40% шығындар болып жатыр. Соның бәрін қолға алу керек. Бірінші шығындарды азайту. Екінші тиімділігін көтеру. Онсыз болмайды.
Алдағы уақытта су үнемдеу технологиялары мемлекет тарапынан 80% дейін субсидияланбақ. Вице-премьер шаруашылықтар осындай мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет деді. Айта кетейік, өңірде 5 магистральді және 3 шаруашылықаралық канал арқылы кезектестіріп су беру кестесі енгізілген. Облыс бойынша жалпы егістің 98% кезекпен суарылуда.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев