Оралда жылу магистралін жаңартуға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді

  • 10
  • 04.08.2025, 18:41

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Орал қаласындағы №2-ші жылу магистралін жаңғыртуға қосымша 2,5 миллиард теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

1987 жылы пайдалануға берілген жылу желісі 10 мыңдай абонентке қызмет көрсетеді. Жалпы ұзындығы - 3 мың 800 метр. Желіні жаңартуға 10 миллирад теңгеге жуық қаржы керек. Былтыр бұл  мақсатқа Үкімет резервінен 4,3 млрд теңге қаралған. Құрылысты қазанның ортасына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Орал қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 249 шақырымды құрайды. Соның тең жартысының тозығы жеткен. Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары «Жайықжылуқуат» компаниясының өз қаржысы есебінен де жүзеге асуда. 

Қанат Өмірәлиев, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жылуэлектр орталығының тарифтен түскен ақшасына байланысты жасалатын жұмыстары бар. Биыл тек 5,5 шақырым ғана жөнделетін болады. Қазіргі таңда оның 78%-ы аяқталған. Бұл жұмысты 16 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, жылуэлектр орталығындағы №2 қазандық 60%-ға орындалды, ал су жылытуға арналған №15 қазандық 78%-ға аяқталып отыр. Осылардың барлығына 895 миллион теңге тарифтен түскен ақша жұмсалды.