Бүгіннен бастап әйгілі Starlink компаниясы елімізде ресми түрде қызмет көрсете бастады. Енді ел тұрғындары SpaceX-тің төмен орбиталы спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты әрі тұрақты интернетке қосыла алады. Кеше компания Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде келісімге қол қойды. Құжат ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы барлық талаптарды орындауды қамтиды. Белгілі болғандай, Starlink жабдығын кез келген адам сатып алып орнатып, интернетке қосыла алады. Бұл әсіресе, шалғай ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Ал ай сайынғы төлем құны 23 мың теңгеден басталады.
Досжан Мұсалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
-Бұл компания әрине, кейбір жерлерде бәсекелес болуы мүмкін. Бірақ бұл бәсекелестікте, біздің ойымызша, интернеттің сапасы жоғарылау керек және интернеттің бағасы төмендеу керек деп ойлаймын. Бірақ шалғай аудандарда, таулы жерлерде, орманды жерлерде бұған аналогтар әрине болмайды. Ал екіншіден сол алыс жерлердегі ауылдарға 50-100 шақты адам тұратын ауылдарға кабельді алып бару өте қиын болады. Сондықтан мобилді операторлар сол жерге старлинк арқылы интернетті алып баруға мүмкіндігі бар.