Биыл Қазақстанның шекара қызметінің құрылғанына 33 жыл. 1992 жылы 18 тамызда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Шекара әскері құрылған болатын. Содан бері елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп келеді.
Алматыда шекарашылар күніне арналған мерекелік концерт өтті. Өнер жұлдыздарымен қатар шекарашылар да «Батырлар ұраны», «Шекара вальсі», «Жасыл фуражка» сынды патриоттық және әскери әндерді орындады. Сондай-ақ Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері өнер көрсетті. Мерекелік концертті ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ шетелдік туристер тамашалады.
Марат Мәжитов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ардагері:
- Ел шекарасыз болмайды, оны нақты күзету керек. Шекарашылар күні-түні, жаңбыр демей, қар демей, күн демей, ыстық демей қазір осы біз мереке жасап жатсақ, біздің шекарашылар шекарада жүр.
Еркебұлан Мейрамбекұлы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің әскери қызметшісі:
- Шекарашылар – бұл халықтың қорғаны. Сондықтан шекара қорғау оңай емес. Жалпы шекарада жүрген біздің әрбір күніміз ол батылдық пен ерлікке толы деп білемін.