Таза ауызсу, тегіс жол, сапалы медициналық қызмет... Шығыс Қазақстан облысында Белоусовка кентінің тұрғындарымен кездескен Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановты тұрғындар осы бағыттағы басты мәселелермен таныстырды. Айта кетсек, бұл ауылға осыдан 7 жыл бұрын су құбыры тартылып, қолданысқа берілген еді. Алайда сапасыз жұмыс салдарынан халық әлі тіршілік нәріне толық қол жеткізе алмай жүр. Бұдан бөлек жұрт кенттегі емхананың тарлығы туралы шағымдарын жеткізді. Себебі қазіргі емдеу мекемесі жекеменшік ғимаратты жалға алып отырған көрінеді. Дегенмен кент әкімінің мәлімдеуінше, алдағы жылы елді мекенде жаңа медициналық нысан бой көтермек. Қазір оның жобалық сметалық құжаты әзірленуде.
Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Әрине ең бастысы ауызсумен жабдықтау мәселесі болып тұр. Тұрғындарды әбден қажытқаны байқалады. Денсаулық сақтау саласы бойынша да шешетін сұрақтар көп екен. Сонымен қатар ауылдықтар осы елді мекендегі жолдың жөнделуін де асыға күтіп отыр.