Атырау облысы Индербор кентінде тұратын мүгедектігі бар балалар тиісті көмекті ала алмай отыр. Өйткені 4 жыл бұрын күрделі жөндеуге жабылған оңалту орталығы әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Амалы таусылған ата-аналар мен мамандар әр жерге көшіп-қонып жүр.
Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті қазір мына аядай жерге орналастырылған. Ата-аналар 4 жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып, нәтиже шығара алмады. Баланың денсаулығына алаңдаған ата-ана ұл-қызын амалсыздан осында әкеледі. Қазір орталыққа 114 бала келіп жүр. Кезекте әлі 50 бала бар.
Самал Төремұратова, Индербор кентінің тұрғыны:
- Көңіліміздің толмайтыны – балаларымызға жақсы бір үлкен ғимарат беріп, алдағы уақытта балам кең жерде әрі-бері жүгіріп жүргенін армандаймыз. Әрбір ата-ананың арманы – соған қол жеткізсек деген үміттеміз. Әрқалай әкімдерге бардық, хат жүзінде жаздық. Одан ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ.
Алғашында оңалту орталығының мамандары өнер мектебінің ғимаратында болған. Кейін ата-аналардың арыз-шағымымен мына ескі нысанға көшірілді. Қазір мұнда 12 маман 5 кабинетке бөлініп, мүгедектігі бар балаларға сабақ береді. Осы жерде шамасы жеткенше түрлі іс-шара ұйымдастыруға да тырысады. Мамандар жыл сайын ауруға шалдыққан бала санының өсіп бара жатқанын айтады.
Анар Ізтілеуова, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті басшысының міндетін атқарушы:
- Бір кабинетте бөлініп-бөлініп, екі-екі маманнан отырмыз. Енді ол әрине, тарлық етеді. Бір-біріне кедергі келтіреді. Енді кедергі келтірсе де, жұмыс жасауға міндетіміз. Жұмыс жасалып жатыр. Сабақ кестесіне бала уақытымен қойылып, келіп жатыр. Ауылдықты да қамтимыз. Өрлік ауылынан бастап бері қарай ата-аналар өздері алып келіп, алып кетіп, сабақтарына қатысып, нәтижелерін көріп жатыр.
Оңалту орталығын күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталды. Сол жылдың соңында нысан пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ құрылыс созбалаңға салынған. Индербор кентінің әкімдігі мердігерді сотқа да берген. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ.
Қайыржан Нұриев, Индербор кенті әкімінің орынбасары:
- Бір рет соттың шешімімен күрделі жөндеуді аяқтау мерзімі ұзартылған болатын. Одан соң тағы да талап-арыздар берілді. Алайда күні бүгінге жұмыстар шешімін таппай, қанағаттандырусыз қалдырылып отыр. Бір жағынан мүмкіндігі шектеулі балалар өз деңгейінде қазір көмектерін ала алмай отыр. Екінші жағынан ата-аналардың да наразылығын тудырып отыр.
Жоба құны 190 млн теңге. Бүгінге дейін қаржының 70 проценті игерілді. Оңалту орталығы пайдалануға берілсе, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мен коррекциялық орталыққа келушілердің мәселесі шешілер еді. «Қазір мердігер мекеме өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:
- Мердігер мекеменің жауапсыздығынан күні бүгінге дейін ол созылып келе жатыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме өз қаражаты есебінен, яғни өз есептерінен сыртқы қасбеттерін қоршау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ішіндегі кейбір бөліктерін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны, ғимараттың қай күні пайдалануға берілетіні белгісіз. Дегенмен аудан әкімдігі қосымша тағы бір ғимаратқа жөндеу жүргізіліп жатқанын айтады. Егер уақытылы аяқталса, оңалту орталығын жаңа нысанға көшіру жоспарланып отыр.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин