Оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден астам қолөнер шебері қатысып жатыр. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған ауқымды жоба. Қазақтың ұмыт бола бастаған төл өнері дәріптелген фестивальға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров арнайы келіп, шеберлердің жұмысымен танысты.
Ісмердің байлығы қолында деген. Ұзақ жыл тігіншілікпен айналысқан Күләш Естілеуова өзінің жеке кәсібін ашып, ұлттық колөнерді дамытуға көшкен. Шеберлер шеруіне қолынан шыққан бұйымдарын әкеліпті. Мұндай шаралар өзара тәжірибе алмасуға да таптырмас мүмкіндік екенін айтады.
Күләш Естілеуова, кәсіпкер:
- Ши орау өнерін үйрену үшін келдім. Бұл біздің ұлттық қазақтың қолөнері, осы өнерді жаңғырту керек деп ойлаймын. Өйткені ұмыт болып бара жатыр. Осы үйрену арқылы жақсы өнімдерді шығарып, сатуға болады. Сыйға тартуға болады.
Мега-фестивальға қатысушылар атақты шеберлерден жаңа әдіс-тәсілдерді үйренеді. Бағдарламада құрақ құрау, киіз басу, ши тоқу сынды ұлттық өнер түрлері қамтылған.
Ырза Тұрсынзада, республикалық «Алтын орда» сән үйінің негізін қалаушы:
- Осы жерде жаңағы ұмыт болып бара жатқан жоққа кетіп бара жатқан біздің қолөнерімізді, өте күрделі қолөнерімізді сол жаңғырту жолында үш күндік шеберлік сабағы өтеді. Осы жұмысқа жан-жақты қолдау жасап жатқан бүкіл Ақтөбе облысының қыз-келіншектеріне, аналарына жаңағы қолөнершілерге ең үлкен алғысты сол кісілерге айтамын.
Фестивальді облыс әкімдігі мен әйелдерге арналған республикалық «Бақытты отбасы» орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Үш күн бойы қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарына қатысады. Шара соңында «Шеберлер шеруі» атты ауқымды көрме өтеді.
Қарлығаш Қасиетова, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков