Қазақстанда ішкі туризм қарқынды дамуға бет алды. Демалыс орындарын таңдаған қазақстандықтардың саны шамамен 4 миллионға жетті. Сонымен қатар, елімізге 7 жарым миллионнан астам шетелдік қонақ келді. Туризм саласы ел экономикасына қанша кіріс әкелді? Құзырлы органдар демалушылардың қауіпсіздігін қамту шараларын күшейтті ме?
Руслан Соколов Бурабайда гастротуризмді дамытуға ат салысып жүр. Ол Ақмола облысында ірімшік өндірісін жолға қойған. Тұмса табиғатты тамашалауға келген туристерге ерекше дәм ұсынатын көрмесін де ашып қойған. Cheese Open 2024 турнирінде оның еңбегі жоғары бағаланды. Екі алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Руслан Соколов, жеке кәсіпкер:
- Біздің өңірге туристер көп келеді. Олар біздің ерекше ірімшік дәмін татып, сатып алады, жетістіктерімізбен танысып, суретке түседі. Жеріміздің және сүттің құнарлылығы ірімшік өнімдерімізді ерекше етеді. Мысалы, Корея, Италия немесе Франция өз тағамдарын танымал етіп, туристерді тартады. Біз де Еуропаның кіші бір бөлігі сияқтымыз.
Бурабайды таңдайтын туристер саны артып келеді. Биылғы алты айда келушілер қатары өткен жылға қарағанда 15 пайызға көбейген. Қазір мұндағы демалыс орындарын қысқы кезеңге әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:
- 37 шақырым жол жөнделді. Бұған 1 миллиардтан астам ақша бөлінді. Оның бәрі игеріліп, қазан айының 20-сына барлық жұмыс аяқталады. Бурабай кентінде 7 шақырым жаяу жүргіншілері жолы жөнделді.
Диана Қадыр, тілші:
- Бурабай ауданында туристердің қауіпсіздігін жасанды интеллект қадағалайды. Себебі, осы жедел басқару орталығындағы 270 бейнебақылау камерасы AI жүйесіне қосылған. Мәселен, егер жоғалған туристі табу қажет болса, Жүйеге адамның жасын, киімін және қысқа сипаттамасын енгізгенде, оның жүрген жерін жедел анықтайды. Сондай-ақ, осы «ақылды» камералардың көмегімен өрттің алдын алуға, қылмыстардың жолын кесуге және тіпті қоқысқа қарсы күрес жүргізуге болады.
Соңғы 6 айда 4 миллионға жуық адам отандық демалыс орындарын таңдаған. Шет елдерден 5 млн турист келген. Елде қонақ үй мен басқа да демалыс орындарының саны 4,5 мыңға жуықтайды. Туризмге салынған инвестиция 27%-ға өсіп, 592 млрд теңгені құрады. Саладағы табыс - 151 млрд теңге.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Кәсіпкерлерге не керек? Бірінші туристерге жол жасап беруі керек қауіпсіздігі мақсатында. Одан кейін кәріз жүйесі.Су жүйесі, электр жүйесі және интернет. Инфрақұрылымды кезек-кезеңімен жүзеге асыратын болсақ, кәсіпкерлердің де қызығушылығы болып, туристік жаңа нысандар пайда болады. Сол арқылы біз қызмет сапасының да артқанын көретін боламыз.
Дегенмен, тұтынушылардың отандық туризм жайындағы пікірі әрқилы. Көбі қызмет құны қымбат дейді.
- Сервис өте нашар. Мысалы, катамарандарды алатын болсақ, барлығы ескі. Баға жақсы енді.
- 20-35 мың теңге болытын бір бөлмені алатын болсақ, өте нашар іші.
- Негізі туризм жақсы дамыған. Дегенмен, отельдер қымбат.
Саладағы мәселелерді шешу үшін 2 жылға арналған Жол картасы әзірленді. Жоба 5 негізгі бағытты қамтиды. Инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға және туристер қауіпсіздігін арттыруға басымдық беріледі.
Авторлар: Диана Қадыр, Бауыржан Ебелеков.