«Достық – Мойынты» – стратегиялық маңызы бар жоба

  • 11
  • 13.10.2025, 19:53

Көлік-логистика – экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі. Осы саладағы стратегиялық маңызды жобаның бірі жуырда ғана іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі. Қазір бұл бағытпен тәулігіне 20 жүк пойызы қатынауда. Тапсырысты толық орындау үшін жүк терминалдары төрт ауысымда жұмыс істеуге көшкен. Жоба аясында жол бойындағы басқа да нысандар жаңартылған. Біздің түсіру тобымыз «Достық-Мойынты» теміржолындағы қарқынды жұмыс барысымен танысып қайтты. 

Міне кезекті поезд жолға шықты. Бұл Достық бекетіндегі қадағалау орталығы. Шығыстағы көршімізден жеткізілген транзиттік жүк дәл осы жерден жолға шығады. 

Темеш Асылбек, қадағалау орталығының кезекшісі:
- Біздің күнделікті жұмысымыз Қытай бағытына поездарды жіберіп қабылдау. Бескөл бағытына поездарды жіберіп қабылдау. Жарқ-жұрқ етіп тұрған кетіп жатқан маршруттарымыз. Осы ауысқалы өзімізге қолайлы осылай жұмыс жасап жатырмыз.
 

Үлкен жобаның жуырда ғана іске қосылғанына қарамастан қазір жүк терминалдарында жұмыс қызу. Міне көріп тұрғанмыздай мұнда сәт сайын Қытайдан жеткізілген контейнерлер қабылданып келесі поездға тиелуде. Тәулігіне 12 поезд құрамына қызмет көрсетіледі екен. 

«Достық – Мойынты» теміржолының толық жүктемемен жұмыс істеуі, ел қазынасына табыс әкелуі осы терминалдардың қызметіне байланысты. Тапсырыс көбейгендіктен мамандар 4 ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде Достықта осындай бес терминал ашылған. Демек тасымал жақсарды. Жеке кәсіпкерлер енді бизнесін кеңейтуді ойластырып отыр.  

Бауыржан Оспанов, кәсіпкер: 
- Еуропаға, мысалы, неше түрлі көліктер кетіп жатыр. Өзбекстан орталық Азияға құрылыс материалдары, киім-кешек. Ресейге де сол  неше түрлі құрылғылар жіберіп жатырмыз. Бұрында айына 30-40 вагон жіберетінбіз.
Болашақта жүздеген вагондар жіберуге мүмкіндік бар.

Аталмыш теміржол құрылысы 2022 жылы басталды. Жұмысшылар үш жылға жуық уақыт табанды еңбек етті. Нәтижесінде теміржол мерзімінен бұрын іске қосылды. Құны 542 млрд теңге болатын жоба аясында 33 станция жаңартылып, 92 көпір салынған. Ал теміржолдың жалпы ұзындығы 836 шақырым.  

Нұрлыбек Бекжанов, «Достық-Мойынты» екінші жолдарды салу дирекциясы» филиалының атқарушы директоры:
-1,5 млн бетон шпалдар, 100 мың тоннадан астам рельс, 2 млннан астам қиыршық тастар. Осындай ауқымды жұмыс іске асырылды. Жобаны іске асыруда 50-ден астам қосымша мердігерлер, 600-ден астам арнайы техникалар, 3 мыңнан астам мамандар жұмыс атқарды.
 

Александр Ким,  «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиал директорының орынбасары:
-Алғашында бұл жобаны 5 жылда іске асыру жоспарланған. Бізге бұл бағытты тезірек іске қосу қажет болғандықтан құрылысты 3 жылда аяқтап, қозғалысты аштық. Себебі тасымал саласында қазір бәсеке артуда. Транзиттік хабқа айналу үшін алдағы бес жылда Қазақстанда тағы 5 мың шақырым теміржол салынады. 

Қазір Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Сарапшылар «Достық-Мойынты» бағыты арқылы бұл көрсеткішті арттыруға болады деген сенімде. Болжам бойынша бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін жетеді. Ал жүкті жеткізу уақыты 4 есе қысқарады.    
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов