Қазақстанда 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы жерлерінің кемінде жартысы цифрлық бақылауға алынады. Бұл орнықты даму мақсаттарының бір бағыты. Оны іске асыру барысы бүгін парламенттік комиссия отырысында талқыланды. Сарапшылардың бағалауынша сандық жүйеге сүйену арқылы егін өнімділігін 20-25% арттыруға болады. Сондай-ақ құрғақшылық пен зиянкестен келетін шығынды төмендете аламыз.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:-Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру орнықты даму мақсаттарының маңызды тетігіне айналды. Қазір фермерлерге субсидия мен мемлекеттік қолдау алу бойынша кеңес беретін жасанды интеллект көмекшісі енгізілуде. Сонымен қатар «Электрондық агроөнеркәсіп кешені экожүйесі құрылуда. Осындай шешімдер саланы жаңғыртумен бірге елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы - Цифрлық өзгеріс Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге өзінің тікелей және сомды үлесін іс жүзінде қосуы керек. Бұл салада тиімді құқықтық база қажет. Осы мақсатпен Сенат қазір «Жасанды интеллект туралы» заңды қарауда. Сондай-ақ Парламентте Цифрлық кодекстің жобасы белсенді талқыланып жатыр. Жалпы депутаттық корпус Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарын және цифрлық күн тәртібін ілгерілету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.