Өскеменде мүгедектігі бар жандарға қолжетімді орта қалыптастыру жоспарланған. Қаладағы 60-тан аса нысан мен 105 автобусқа пандус орнатылып, арнайы батырмалармен жабдықталады. Сонымен қатар олар үшін логистикалық бағыттар өзгертіліп, дыбысты бағдаршамдар қойылады. Бұл жұмысты арнайы сарапшы сәулетшілер қадағалайды.
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына барынша жағдай жасалады. Қазір қала бойынша 105 автобусқа пандус орнатылып, шақырту батырмасымен жабдықталды.
Бірақ бұл батырмаға кейбір жүргізушілер мән бермейтін көрінеді. Сондықтан автобус парктеріне арнайы мамандар қабылданды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді. Мысалы, бірінші топтағы мүгедек Андрей Витязев қаладағы инфроқұрылым нысандарын өзі тексереді. Оның айтуынша, кейбір дүкен, кафе, дәріханаларда әлі күнге дейін қарапайым жабдықтар жоқ. Өткен жылы еліміз бойынша осындай орындарға 230 млн теңге айыппұл салынған.
Андрей Витязев, қала тұрғыны:
-Осыдан 10 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы мүлдем ескерілмейтін. Оларға арналған инфроқұрылым талапқа сай болмайтын. Қазір жағдай түзеліп келеді.
Қоғам белсендісі Ирина Ляховская осы мәселені жеке бақылауына алып, жауапты органдарды құлағдар етіп келеді. Оның араласуымен қаладағы жаяу жүргіншілер жолағы өзгертілді.
Ирина Ляховская, қоғамдық бірлестіктің жетекшісі:-Мен сәулеттік факультетте сабақ беріп, болашақ жобалаушыларға бейміді орта қалыптастырудың мән-жайын айтып көрсетемін. Лекциядан бөлек олармен арбаға отырып, қаланы бірге аралаймыз.
Қазір Өскемен қалалық әкімдігінде дауысты бағдаршам мен пандустар орнату мәселесі жұмыс жоспарына енгізілді.
Марат Тұңғышбаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
-Биыл қала бойынша жаяу жүргіншілер жолағына 65 пандус орнатылды. Бұл жұмыс алдағы уақтта да қатаң бақылауда болады. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімді орта қалыптастыру керек.
Қазір елімізде инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Ол бойынша 2030 жылға дейін барлық қала мен ауданда 40 мыңнан аса әлеуметтік нысан ретке келтіріледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин