Бұрын бұл жерді тәулігіне тек 200 көлік өтсе, қазір 500-ге жуықтады. «Яғни енді Қытаймен арадағы сауда-саттық бұрынғыдан да арта түседі», - дейді мамандар. Оның үстіне шекараға дейінгі күрежол жөнделіп қолданысқа берілді. Бұндай өзгеріс ары-бері ағылған жолаушыларға қандай мүмкіндік береді?
«Қалбатау-Майқапшағай» күрежолының жөнделуін өлкедегі халық сегіз жылдан аса күтті. Ары-бері ағылған жолаушыларға ой-шұңқырға толы трассамен жүру оңайға соқпағаны рас. Бұл әсіресе ел мен елдің арасында ұзақ жолдан түспейтін жүк тасымалдаушылардың арқасына аяздай батты. Қазір тақтайдай болған автожол сол қиындықтың бәрін ұмыттырды.
Руслан Хасанов, автокөлік жүргізушісі:
- Алдында келген жігіттер қарағанда мына жақтағы жолдар жаман болды деп айтып жатыр. Біз бірінші рет кеп тұрмыз, жол өте жақсы, керемет жасалған.
Жолдан бөлек, шекара шебіндегі өткізу пункті де жаңғырды. Осыған дейін ол жерде жүк көліктері иін тіресіп тұрып қалатын еді. Екі жолақты бағыт көлік ағынына тарлық етті. Енді Президент тапсырмасына сай, маңызды нысан толық өзгерді. Кіреберіс жол алты жолақты болып, заманауи ғимарат салынып, шолу алаңы тұрғызылды. Сөйтіп кеден басындағы қызмет жандана түсті.
Әділет Жампейісов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Бұл деген шекара қызметінде жүктерді толығымен тез таратып, тез өткізуді қамтамасыз етеді. Осы өзгерістер арқылы заманға сай үлкен көлемде техника өткізе алатындай «Майқапшағай» кедені сондай жағдайға жетті деп айта аламыз.
Мұнда әрқайсына 100 көлік сиятын автотұрақ салынып жатыр. Жақында санитарлық аумақ пен электронды кезек мәселесі де шешілмек. Сонымен қатар демалыс орындарының да құрылысы аяқталады.
Мақсұтбек Сәлімғожинов, жоба жетекшісі:
- Асфальт жұмыстар бәрін бітірдік. Үш қабат 16 мың кв метрден көп асфальт салынды. Қалғанын бітіріп жатырмыз. Демалыс орны шетелге кіретін жүк тасымалшыларына, шетелдік көліктерге ыңғайлы болсын деп осы демалыс орнын салып жатырмыз
Жаңа өткізу пунктінің тиімділігі бірден байқалды. Нысаннан бұрын тек 200 автокөлік өте алса, қазір бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты. Шекарадағы маңызды логистикалық дәліз енді өзге ірі жобаларға жол ашты.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Транзиттік жүк тасымалын арттыру өткізу пунктіндегі мүміндікті кеңейтумен ғана шектелмейді.Өлкеде бұл бағытта бірнеше жоба жоспарланған.Соның бірі көрші елдермен ежелгі сауда жолын қайта жаңғырту. Мәселен, Тұғыл ауылы маңында өзен портын салу көзделіп отыр.Сонымен қатар ол жерден Қытай шекарасына дейін теміржол салынуы мүмкін. Осылайша күрежол, әуе жолы, су жолы, темір жолы түйіскен бірегей хаб пайда болады.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов