Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – саяси науқан емес, мемлекеттің берік ұстанымы. Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Былтыр олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және инфрақұрылым нысандары бар. Сондай-ақ Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылуда. Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының құзырлы органдардан барлық жұмыстың ашық әрі әділ болуын талап етуі - дұрыс бағыт.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: -Президент «Түркістан» газетінде нақты айтып кетті. Қаңтардан кейін осындай әділетті Қазақстан құру үшін заңсыз активтерді қайтаруға көңіл бөлу керек деген. Сол үшін заң да қабылданды. Олар енді қаша алмайды. Декларацияда көрсетті, қанша ақшалары бар. Оны дұрыс көрсетпесе, Бас прокуратура қайта тергеу жасайды. Сендер неге өтірік алдадыңдар? Салық заңдарын бұздыңдар. Шын айтса, қазір олигархтарда жауапкершілік көп. Оны қоғамдық бақылау керек. Парламенттік бақылау керек.