Қазақстан ЖИ енгізуде озық елдерден қалмауға ниетті

  • 19
  • 22.01.2026, 21:56

Цифрландыру ісінде біршама жетістікке жеткен еліміз әрі қарай түрлі салаларға жасанды интеллект негіздерін енгізуді жалғастырмақ. Әсіресе тұрғындар өтініші көп түсетін бағыттарда жұмыс тиімділігін арттыру үшін кеңінен қолдану көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл тұрғыда зерттеу, бақылау жұмыстары жүргізіледі. Себебі Қазақстан тың технологияны пайдалануда озық елдерден қалмауға бекініп отыр. Табыс та жоқ емес. Өткен жылы IT-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтаған.

Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту – ел алданда тұрған маңызды міндеттің бірі. Бұл тұрғыдағы ауқымды істі Мемлекет басшысы бұған дейін «Түркістан» газетіне берген сұхбатында да атап өткен еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. 
Қазір елде жасанды интеллект незігінде жұмыс істейтін сала аз емес. Мәселен, тек мемлекеттік қызметшінің міндеті болған азаматтар өтінішін қарау, хат жазу, заңдармен жұмыс, таныстыру жобаны түзу секілді істер бүгінде нейрожеліге жүктелген. Е-өтініш платформасына келіп түскен өтініштерге жауап беруде де ЖИ-дің көмегі қолданылады. Ал Астана хаб кластерінде жұмыс істейтін компаниялардың өнімдері тек елімізде ғана емес, әлемдік нарыққа да шығарылып жатыр. 


Әшімбек Әбілғазинов, Astana hub бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры:

-Бізге стартап туралы көп білмесе де, тың идеямен келетін жастар аз емес. Біз олардың ой-жоспарын түзіп, іске асыруға көмектесеміз. Ал біздің жетістігіміз мол. Мәселен, медицина бойынша жасанды интеллект негізінде инсульт дертін тез анықтап, адам өмірін сақтауға септігін тигізетін өніміміз бар. Сондай-ақ білім саласында ойын элементтері арқылы оқытуға арналған жобамыз қазір әлемнің жүздеген мектептерінде қолданылуда.
 

Түрлі салаларда жасанды интеллектіні енгізу жалғаса береді. Бұл жұмыс үрдісінің тиімділігін арттыруда таптырмас мүмкіндік. Әсіресе көптеген мәліметтерді талдауда көмегі зор. Бірақ жасанды интеллект тек сандық жүйеге көшкен салаларда ғана оңтайлы болмақ.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі: 

-Қазақстанда бұған дейін көптеген сала цифрландыру толқынынан өтті. Соған орай біз қазір жасанды интеллектті жаппай енгізу туралы міндет қойдық. Бұл үшін былтыр мемлекеттік органдармен бірлесіп, оны қолдануға болатын бағыттарды цифрлық трансформация жол картасында көрсеттік. Барлығы да министрлердің қол қоюымен бекітіліп, біздің порталда жарияланды.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында атқарылатын жұмыс орасан. Осы айдың соңына дейін тиісті стратегия бекітілмек. Соған сәйкес мемлекеттік органдар жұмыс жоспарын әзірлейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Бауыржан Ебелеков