Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жиынтық жобасы дайын. Дегенмен әрбір бабы, тармағы тіпті мәтіні де мұқият қаралады. Ұсыныстар да жан-жақты талқыланады. Комиссия мүшелерінің айтуынша, басты міндеттердің бірі – конституциямызды уақыт талабына сай жаңарту.Бекзат Алтынбеков – конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі. Ол Ата Заңымызда қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен құралатын «Халық кеңесіне» арналған норма болуы керектігін ұсынған.
Бекзат Алтынбеков, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
- Жалпы «Халық кеңесі» алда немен шұғылданады деген халықтың алдында үлкен сауалдар бар. Бұл енді Ата Заңымызда арнайы көрсетілгендіктен, бұған енді конституциялық үлкен заң қабылданады. Осы заңның шеңберінде осы халық кеңесінің атқаратын міндеттерінің бәрі сараланады деп есептеймін.
Конституциялық комиссия құрылғанға дейін жұмыс тобына азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс түскен. Оның ішінде, бір палаталы Парламент жасақтаудан өзге, бірқатар бағытты қамтитын бастама да бар.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соның нәтижесінде жұмыс топтарында комиссияның ішінде құрылған әр бағыттағы, экономикалық бағыт болсын, қаржылық бағыт болсын, құқық қорғау блогы болсын, әр берілген ұсыныс жеке қаралып, жеке талқыланып соның нәтижесінде қазір бізде кең көлемді конституцияның жобасын таныстырылым етті.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен 2022 жылда Конституцияның өзгерістеріне қатысқанмын. Онда біз 33 бапқа кіргенбіз. Қазір қарасаңыз 77 бап, ол 84 процент. Осының бәрінде де шынайы өзгерістер деген ол өте маңызды. «Жаңа Конституция» деп объектівті айтып отырмыз. Қандай өзгерістер? Анау негіздерінен басталады, преамбула дейміз ғой. Ол 100 процент өзгеріп кетті.
Конституция жобасы әлі талқыланып жатыр. Алдағы уақытта онда құрылтай, вице-президент жайлы тараулар қосылып, басқа да өзгерістер енгізіледі. Комиссия мүшелері Ата Заңның мазмұны мен мәтінін жіті қарауда.
Әнуарбек Мырзатайұлы