Бұл ауылдарда сегіз мыңға жуық халық тұрады. 2 мыңнан астам тұрғын үй бар. Қазіргі кезде өңірде тасқын судың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 32 қорғаныс бөгеті салынған.
Тобыл өзенінің жағалауы бекітіліп, автожолдар бойындағы су өткізу құбырлары тазартылды. Адамдарды уақытша қабылдайтын 111 пунктің орны анықталды. Азық-түлік, төсек-орын қоры да жасақталған. Бір сөзбен айтқанда, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары: «Қызыл суға қарсы тұруға толық дайынбыз», -дейді.
Айдос Ахметов, Қостанай облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Жедел әрекет ету мақсатында департамент 9 мобильді күштер және құралдар тобын құрды. Онда 156 жеке құрам, 53 техника қарастырылған. Олар алдын ала Арқалық қаласына, Жанкелдин, Аманкелді, Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Сарыкөл, Алтынсарин аудандарында орналастырылады.