Ақтаулық әжелер Каспийге қысы-жазы шомылады

  • 440
  • 20.02.2026, 21:50

Ақтауда салауатты өмір салтын ұстанған әжелер күн сайын жаяу жүріп, Каспий жағалауында дене шынықтырады. Жаттығудан кейін міндетті түрде теңіздің тұзды суына шомылып, бой сергітеді. Әжейлердің кейбірі 60-80 жаста.

Таңғы сағат 8. Қар болмағанымен, Ақтауда әдеттегідей ызғырық жел. Күн райының қолайсыздығы спортшы әжелерге кедергі емес. Олар күнделікті жаттығу жасау үшін теңіз жағалауына жиналуда. Жылдам жүріп келген бетімен жағажай жиегінде алаңға тоқтап, денесін шынықтыруға кірісіп кетті. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Біз 15-ші шағынаудан жағажайындамыз. Спортшы әжелер күн сайын осы жерге жиналады. Олар таңертең белгілі бір уақытта үйден шығып, көшеде келе жатқан топқа қосылып отырады. Сөйтіп 10-15 мың қадам жасап, жағалауға жетеді. 

Дина Оразбаева жақында 60 жасқа толады. Зейнеткер «ковид жылдары» қатты ауырып, біраз уақыт үйде жатып емделгенін есіне алды. Спортпен шұғылдануды бастағалы бері ағзадағы оң өзгерістерді байқаған. 

Дина Оразбаева, қала тұрғыны:

- Өзім лабораторияда жұмыс жасаған соң анализ қорытындысын үнемі қарап отырамын. Тексеріп отырамын. Бұдан 3 жыл бұрынғы анализімді қарасам, қазіргі қорытындысы жер мен көктей, шыны керек. Таңертең ерте тұру, жүру өзіңді қамшылағанның арқасында. Осындай таңғы серуен өте керемет.

Ақкенже Шағырбаева, қала тұрғыны:

- Қазақ халқы негізінен «көшпенділер» дейді ғой. Біз жүретін, қозғалыста болатын халықпыз. Бұл – тек сөз емес, ата-бабамыздан келе жатқан салт. Қазақ генетикасында бұл қозғалысқа бейімділік бар. Біз жүрген сайын жаңарып, жақсарып отырамыз. Ақтаудағы адамдарға айтарым: теңізді пайдаланыңыздар, оның суы бізге ем.

Салауатты өмір салтын ұстанған топта 35-80 жас аралығындағы 60 адам бар. Көпшілігі қысы-жазы теңізге тұрақты шомылудың арқасында тұмау сияқты маусымдық ауруларды ұмытқан. Әлі күнге дейін гимнастикамен шұғылданып, шпагатқа еркін отыратын Күлән Әбдікәрімқызы жағада серуендеп жүрген көпшіліктің таңдайын қақтырды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев