Іле-Алатауы паркі аумағында жаңа туристік нысандар ашылмақ

  • 181
  • 23.02.2026, 21:36

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына биыл 30 жыл. Осыған орай парк аумағында жаңа туристік нысандар ашылмақ. Атап айтқанда, Наурыз мерекесі қарсаңында Бұтақты шатқалында жаңа визит-орталық іске қосылады. Ал жазда Кузнецов шатқалында Сиверс алмасының алғашқы зерттеушілерінің бірі, академик Аймақ Жанғалиевке арналған музей өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ Үлкен Алматы көліне дейін арнайы автокөлік тасымалы іске қосылады. Қазіргі уақытта парк аумағында үш тау шаңғысы курорты мен бес заманауи визит-орталық жұмыс істеп тұр. Іле-Алатау ұлттық паркінде өсімдіктердің екі мыңға жуық түрі бар. Сирек жануарлар саны да артып келеді. Бүгінде онда 39 қар барысы, 85 Тянь-Шань қоңыр аюы және 97 бүркіт мекендейді.

Елнұр Ахметов, «Іле-Алатауы мемлектетік ұлттық табиғи паркі» РМК бас директоры:

-30 жылдыққа байланысты 30 іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. 1998-2000 жылдарға бет бұрсақ, осы туризм мәселесі өте төмен деңгейде болған. Бір ғана инвестор болса қазір Ұлттық табиғи парктің аумағында 94 инвесторлық жоба жұмыс атқарып келе жатыр. Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі жалпы 1,5 миллионға дейінгі туристі қабылдауға қазір әзірміз.