«Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған» коуч қызметі енді заңмен реттеледі. Кез келген адам ментор, тренер, тәлімгер бола алмайды. Оларға дипломсыз курс сату қиындайды. Жаңа стандарт «жалған психологтар» мен халықтың қалтасын қағып жүргендерге тосқауыл бола ала ма? Заңнамада тағы қандай тетіктер қамтылған?
Алаяқтың арбауына түскендердің бірі Алмас. Ол осыдан бір жыл бұрын қол-аяғы сынып, төсекке танылады. Тағдыр тауқыметін тартып жатқан кезде 10 жыл бойы жұбын жазбаған жұбайы тастап кетеді. Қайғы жанын жегідей жеп, кімге барып мұң шағарын білмеген азамат коуч көмегіне жүгінген. Ал ол бірден курсқа қатысушының қалтасын қағып алады да ақылға қонымсыз тапсырмалар бере бастайды. «Тіпті сенің орның бизнесте», - деп нан тауып отырған жұмысынан шығартқан.
Алмас, қала тұрғыны:
- Сертификат, лицензия, диплом ештеңе көрсеткен жоқ. Ана жерде қиналып келген адамдар болды. Біреуі күйеуімен ажырасқан, біреуі әйелімен ажырасқан. 1,5 млн тәлімгерлік, 23 мың анау қағаз аукционда, 5 мың сөздің бағасы және 33 мың «қайта туу». Коуч: «Ақшаны қайтармаймын», - деді.
Енді заң бар, ақшаны да қайтаруға болады. Бұдан былай коуч қызметін ұсынушылар Халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алуға міндеттеледі. Сондай-ақ олардың қызметіне бірыңғай кәсіби стандарт енгізілді. Ол бизнес-коуч, мансап жасау, лайф-коуч, командалық және денсаулық сынды 9 бағытты қамтиды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Мен психологпын, мен емшімін, мен бизнес-тренермін, мен академияны бітірген нумерологпын», - дейді. Түрі жаман енді. Сөйтіп ол адамдарды алдап, қызмет жасайды, олардың ақшасын алады. Енді кімде-кім осындай қызмет бойынша қызмет көрсетемін дейтін болса, онда ол сала бойынша диплом болу керек. Курс емес, диплом болу керек.
Мамандар: «Арнайы кәсіби стандарт «ақыл айтқыштардың» айылын жиғызады», - деп отыр. Бұдан былай тұтынушы мен коуч арасындағы қарым-қатынас тек келісімшарт негізінде жүруі шарт. Психологтардың да жұмысы бірізділенеді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Психологтарға бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі. Енді жоғары білім бағдарламалары мен біліктілік арттыру жүйесі де дәл осы стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Барлық психологтар арнайы тізімге тіркеледі. Бұл нарықты жүйелеу және біліктілігі жоқ адамдардың қызметіне тосқауыл қою үшін қажет шешім.
Балабек Сақтағанов, психология ғылымдарының докторы:
- Негізі кәсіби психологтар ондай ақшаға курс сатпайды. Өйткені олар әр адаммен жеке түрде ғана жұмыс жасайды. Өтірік психологтар 100 адам, 200 адам жинап алып консултация береді. Әрине, бұл жердегі заңның қабылданғаны өте дұрыс.
Бұл мәселеге қатысты халық не дейді? Тұрғындар пікірін тыңдап көрсек:
Блиц-сауалнама:
- Мемлекет бәрін дұрыс жасап жатыр. Сертификатсыз жұмыс істеп жүргендер адамдардың өздерінің психологияларын құртады.
- Дипломы болатын болса, қолдау керек. Ал кейбіреулері мысалы, ажырасып, бірден коуч болып кетеді.
- Өзім куә болғанмын. Әйелі сондай коучтарға сеніп, қарызданып, қаншама несиеге батқан, күйеуі естіп, ажырасып, солай тынған.
Сұлухан Абдулла, тілші:
- Тек өткен жылы коуч қызметіне 900-ге жуық азамат шағым түсірген. Әлеуметтік желіде ақыл сататындардың көбінің не кәсіби білімі, не арнайы дайындығы жоқ. Енді коуч, психолог болу үшін жәй ниет емес, кәсіби білім де қажет.
Сұлухан Абдулла, Аманжол Байғазы