Әйелдер түрлі салада ерлермен бірге тең дәрежеде еңбек етіп жүр

  • 8
  • 02.03.2026, 21:56

Қазақстан халқының саны 20 миллион 945 мың 975 болса, соның тең жартысы әйелдер. Бүгінде олар білім, ғылым, мәдениет, өнер, тіпті өндіріс пен басқару салаларында да белсенді. Олардың ерлермен бірге тең дәрежеде еңбек етулеріне ешқандай кедергі жоқ.

Гүлшат Қапшаева – елдегі ұлағатты ұстаздардың бірі. Өзінің 7 баласынан өзге, ел ертеңі жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беруде бар ғұмырын арнап келеді. Жалпы еңбек өтілі 32 жылдан асқан. Оның жартысына жуығы бүгінде қызмет ететін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде өткен. Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өзге, білім ұясындағы театрдың жетекшісі. Ал былтырғы 24 түлегінің көбі тегін оқуға түскен. Өмірде әйел-ананың орны, мейірімі, пейілі туралы шәкірттеріне де айтып келеді.       

Гүлшат Қапшаева, ұстаз:

- Сіздер 95-96 жылдары Қазақстанда қиын жағдай болғанын білесіздер ғой. Айлықты біз 6 ай бойы ала алмай жүрдік. Сонда да мен осы өзімнің сүйіп таңдаған мамандығымды еш тастап кете алмадым. Мектепке келген кезде мен отбасымды ұмытып кетемін. Әсіресе ҰБТ-ға көмектесіп жүрген кезде үйде үш айлық баламды қалдырып кеткен кезім болған Бірақ «мен елдің баласына көмектесіп жүрмін ғой, елдің баласы ертеңгі күні жоғары да биік мінберде отырса, ол менің жемісім емес пе»деген мақсатпен жұмыс жасап келе жатырмын.

Ал екі ай бұрын ғана еңбек жолын бастаған Авил Сымбат өмірін құқыққорғау саласына арнамақ. Қаршадай қыздың қазірдің өзінде, ел ішінде тараған «ерлігі» бар. Сот шешімін күтіп изоляторда отырған күдіктілерге келген заттарды тексеру барысында тыйым салынған бұйымдарды тапқан. Атап айтқанда үш ұялы телефон мен карталарды жасырын өткізудің жолын кескен. Ел үшін еңбек ету ермен қоса әйелдің де міндеті деп біледі.

Авил Сымбат, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ахуалды орталық операторы:

- Менің алға қойған мақсатым – бұйырса офицер болу. Нақты сол мақсатыммен адал қызмет етіп, ҚР қызмет еткім келеді. Ант қабылдағаннан кейін қызметімізді адал түрде атқарамыз. Халықпен болсын, мекемеде болсын барынша адал жұмыс жасауға тырысамыз. Осы салада жұмыс істегім келеді. Отбасына, жеке өмірді, жұмысты егер адам қаласа, барлығын алып жүре алады деп ойлаймын.

Халқымызда «киелі жан» деп саналған әйелдерге құрмет қашан да жоғары болғаны тарихтан белгілі. Қазақ әйелінің қазіргі қоғамда да орны арықша. Мемлекеттік қызметте, бизнесте, ғылымда белсенді. Депутаттық қызметтен өзге, көптеген ұйымдар мен корпорацияларда жұмыс істейді. Мұндай белсенділікті мамандар білімге деген құштарлықпен байланыстырады.

Нәзипа Шанай, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:

-Жалпы мемлекеттік саясатта да бізде жүйелі түрде бұл бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, дәл қазір біз жаңа Конституциямыз бойынша жұмыс істеп жатқан кезімізде де дәл сол жерде отбасын қолдау мәселесіне бағытталған. Мысалыға, жаңалықтың бәрі жасанды интеллектпен жұмыс істеу мәселесі қаралып жатқанның ешқайсысында да бөлу жоқ. Әйелдерге байланысты норма деген нәрсе жоқ. Сондықтан бізде тең құқықтық бар.

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Қанша құрмет көрсетілсе де артық болмайды. Өйткені оның мейірі мен пейілі сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға – демеу.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Калянбеков