Сарапшылар: Референдум – ел дамуының маңызды кезеңі

  • 10
  • 04.03.2026, 21:37

Жаңа Ата Заң халық үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Отандық сарапшылар: «Алдағы референдум – ел дамуының маңызды кезеңі және ол уақыт талабынан туындаған шешім», - дейді. Ал түрік саясаткерлері: «Қазақстандағы Конституцияның жаңа жобасын – ұлттық дәстүр мен заманауи құқықтық жүйені үйлесімді тоғыстырған құжат», - деп бағалап отыр. 

Ел тағдырын айқындайтын басты құжат – Ата Заң. Ал референдумға шығарылған жаңа жоба – уақыт талабынан туындаған стратегиялық шешім. Әлемдік саяси ахуал құбылып тұрған кезеңде Қазақстан үшін берік құқықтық негіз аса қажет. Ұсынылған өзгерістер жай ғана түзету емес. Бұл алдағы сын-қатерлерге дайын болудың нақты қадамы. «Ең бастысы, құжат елдің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуды көздейді», - дейді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Конституция жобасын қарап шықсаңыз, Тәуелсіздік туралы 7-бапта айтылады. Егемендігіміз туралы 7-бапта айталады. Мемлекеттік қауіпсіздікті қалыптастыру жөнінде, нығайту жөнінде бірнеше бапта айтылады. Қазақстан мемлекеттік негізгі қағидаттары дегенде ең бірінші айтылатыны  – елдің Тәуелсіздігі мен Егемендігі деген. Сондықтан осындай тұрғыда келіп қарайтын болсақ, бұл Ата Заңымыз біздің ішкі әлемімізді сыртқы қатерлерге дайындаудың бір үлкен концептуальдық құжаты деп қабылдау керек деп ойлаймын.

Жаңа конституция жобасы түрік саясаткерлерінің де назарында. Түркияның ұлтшыл қозғалыс партиясы төрағасының бас кеңесшісі, түрколог-профессор Рухи Ерсой бұл құжатқа жоғары баға беріп отыр.

Сарапшының пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғалы мемлекетті басқару тетіктерін жаңғыртуға, демократиялық институтты нығайтуды көздейтін сындарлы саясат жүргізіп келеді. Ал жаңа Конституция ұлттық құндылық пен тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, елді ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолына бағыттайды. Профессордың айтуынша, Парламент атауынан бастап Құрылтай институтына дейінгі өзгерістер мемлекеттің өркендеуіне зор ықпал етеді.

Рухи Ерсой, түрколог, профессор:

- Конституцияны жаңғырту және оны бүкілхалықтық референдум арқылы бекіту – Қазақстандағы демократияның дамуы мен мемлекеттік институттардың заман талабына сай жаңғыруын көрсететін маңызды қадам. Бұл мемлекеттік институттарды заман талабына бейімдеп қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтеді. Бұл Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығына және тұтас түркі кеңістігіндегі ықпалдастыққа оң әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, референдум – әр азаматтың ел болашағына қатысты пікірін білдіретін мүмкіндік. Ал Конституцияның жаңа жобасы – Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды қадам.

Алуа Маханбет, Таир Мерекенов