Павлодарда көпбалалы ана он бірінші сәбиін босанды

  • 27
  • 06.03.2026, 21:45

Отыз сегіз жастағы Жұлдыз Әлиясова он бірінші сәбиін дүниеге әкелді. Оның тұңғыш қызы 20 жаста болса, ең кішкентайы биыл ақпан айында бір жасқа толған. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өмірге тағы бір нәресте келіп, отбасының қуанышын еселей түсті. Жұлдыздың мамандығы – ветеринар. Ол адал еңбек етіп жүріп те, ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға болатынын айтады. Бар күш-жігерін балаларының жарқын болашағына арнап, оларды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысып жүргенін жеткізді. Ал перзентхана ұжымы көктемнің шуақты мерекесінде өмірге сәби әкелген барлық аналарды құттықтап, демеушілер ұсынған сыйлықтарды табыстады.

Жұлдыз Әлиясова, көпбалалы ана:

-Төрті күні сағат бір жарымда түнде босандым. Ұл, 4 келі 400 грамм. Есімін Жан қойдық. Алтыншы ұл, үйде бес қыз, бес ұл. Алтыншы ұл, иә енді бақыттымын.

Нұржас Базарбай, неонатолог-дәрігер:

-Дәл қазіргі уақытта орталықта он бірінші баласын босанған анамыз бар. Алтыншы және жетінші баласын босанған аналар бар. Сол аналарды мерекелерімен құттықтадық.Балаларының жағдайлары бір қалыпты. Тамақтануы барлығы жақсы.