Бүгіннен бастап жолдағы бірқатар заңбұзушылықты бейнекамералар автоматты түрде тіркейді. Әңгіме көлік жүргізушілеріне қатысты. Тәртіпті бұзғандар полиция қызметкерінің қатысуынсыз бірден жауапқа тартылады. Ақылды жүйе заңбұзушылықтың қай түрін анықтай алады?
Шыны керек, қазір жолды торыған полиция қызметкерлерін бұрынғыдай жиі көрмейміз. Себебі осыдан үш-төрт жыл бұрын әсіресе ірі қалаларда жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету сияқты бұзушылықтарды камералар тіркей бастады. 12 наурыздан бастап Цифрлық кодекс аясында осы бастаманың ауқымы кеңейді.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Негізгі мақсат – заманауи техникалық шешімдерді қолдану арқылы жол қауіпсіздігін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін күшейту. Маңыздысы жаңадан тыйымдар енгізілмейді. Тек бұрыннан бар құқықбұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Енді рөлде отырып ұялы телефонды пайдаланған, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізуші айыппұл арқалайды. Камералар бәрін көреді, талдайды және тіркейді. Сондай-ақ ақылды жүйе техникалық тексеру мерзімі өткен, сақтандыру полисі жоқ, құжаты жарамсыз жүргізушіні бірден анықтай алады.
- Сонымен қатар заңнамада ескерту қарастырылған құқықбұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Мысалы, жолда кептеліс тудыру, жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және басқа да жолда жүру қағидаларын бұзу жағдайлары.
Қазір Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын 180 мыңға жуық камера бар. Мамандар: «Шаһардағы барлық құқықбұзушылықтың 80 пайызын сол жаңа техниканың көмегімен анықтаудамыз», - дейді.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
- Күннен күнге бейнекамералардың саны шаһарда өсуде. Қауіпсіздік белдігін міндетті түрде автокөліктің ішінде отырған барлық азаматтар тағуы тиіс. Ол жолаушы болсын, жүргізуші болсын. Айып көлік жүргізушісіне тағылады.
Тек Алматыда 700 мыңнан аса автомобиль тіркелген. Ал еліміз бойынша көліктердің жалпы саны 5 млн-ның айналасында. Автоматты тіркеу сол техниканы тізгіндеушілерге ғана қатысты. Ішкі істер министрлігі мамандары: «Әлеуметтік желіде тараған жаяу жүргіншілер де жауапкершілікке тартылады» деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
Ердәулет Ыбырұлы, Ернұр Рысбай