Ақтүтек бораннан 287 адам құтқарылды

  • 91
  • 12.03.2026, 21:45

Қыс қаһарына мініп тұр. Ақмола облысынан өзге, Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері алты өңір мен Астана аумағында құтқару жұмыстарын жүргізді. Барлығы 287 адамды эвакуациялады. Оның 17-сі бала. Көбі Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ақтүтек боранда жолда қалған. Сондай-ақ қарға батқан 40 автокөлік шығарылды. Бүгіннің өзінде Павлодар өңіріндегі Майқайың кентінен екі жүкті әйел Екібастұз ауруханасына аман-есен жеткізілді. Мамандар алдағы күндері де боран, қатты жел болатынын айтты. Сондықтан азаматтарды сақтық шараларын ескеруге, алыс сапарларға шықпауға шақырады.

Дидар Қажкенов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:

- Көптеген адамдарға тиісті көмек көрсетіліп, жылыту пунктеріне эвакуацияланды. Көбінесе ескертіп айтатынымыз, міндетті түрде жолға шығарда, алыс іс-сапарларға шығар кезде ауа райына міндетті түрде қарау керек және біздің «112» ресми сайтымызда ауа райының  нашарлауына байланысты мәліметтерді сол жерге енгіземіз.